Спорт

Петропавлда қоян-қолтық ұрыстан ел чемпионаты өтті

Спорттық шеберлік пен мықты рух. Петропавлда курсанттар арасында қоян-қолтық ұрыстан ел чемпионаты өтті. Өңірде 4-жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан сайыс  Ұлттық ұланның офицері, қоян-қолтық ұрыстан және кикбокстингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Нұрпейісовті еске алу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 80-ге жуық сарбаз қатысты.

Азамат Нұрпейісов – қоян-қолтық ұрыстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, кикбокстан әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері. Ол 2010 жылы қаламыздағы Әскери институтты тәмамдап, жергілікті “Бүркіт” арнайы жасағында қызмет етеді. Аз ғана уақыттың ішінде биік шыңдардан көріне білген жерлесіміз тағдырдың жазуымен ауыр дертке шалдығып, 28 жасында көз жұмды. Оның еліне сіңірген еңбегін ізбасарлары еш ұмытқан емес.

Бүгінді дода Азамат Нұрпейісовтің құрметіне ұйымдастырылып отыр.

Байрақты бәсекеде 80-жуық сарбаз 8 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасып жатыр. Олардың қатарында Ұлттық ұлан Әскери институтының 2-курс курсанты Сауран Арапбай да бар.

Сауран Арапбай – ҚР ҰҰ Әскери институтының курсанты:

– Осы жарысқа Азамат Нұрпейісовтің турниріне 2-ші жыл қатарынан қатысып тұрмын. Қарсыласым Қостанай академиясынан болды. Қарсылас жақсы, бірақ тәжірибесі аздау екен.

Білекті де қайсар жігіттердің басын қосқан жекпе-жекке 7 команда келген. Олардың барлығы – еліміздің жоғарғы және арнайы әскери оқу орындарының курсанттары. Отан қорғаушылардың арасында спорт шеберлері мен республикалық сайыстарда топ жарып жүрген сайыпқырандар бар. Рүстем Ильясов Павлодар қаласындағы әскери оқу орталығының атынан келіпті. Қазір ол ақтөбелік қарсыласымен жұдырықтасып жатыр. Бүгін оның бағы жанды. Осы сайыста ол алтын медаль еншіледі.

Рүстем Ильясов – Павлодар қаласындағы әскери оқу орталығының өкілі:

– Қарсыласым боксер екен. Мен оны партерге құлатып күресіп біраз шаршаттым. Осы әдіспен жеңіп кеттім. Жеңісіме қуаныштымын.

Кілең мықтылар мен білектілер жиналған сайыстың бәсі жоғары. Бүгінгі бәсекеде жеңіске жеткендер қараша айының 26-ы мен 30-ы күндері Нұр-Сұлтан қаласында өтетін халықаралық жарысқа жолдама алады.

Сатжан Әбішев – жарыстың бас төрешісі:

– Бүгінгі жеңгендерге команда бойынша арнайы сыйлықтар бар. Және 1,2,3-орын алғандарға кубок, медаль, беріледі. Және осы жарысты ұтқан курсанттар Ұлттық ұлан құрамасына енгізеді. Және бас қолбасшы мен президент кубогіне қатысады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша келесі жылы курсанттар арасындағы жекпе-жекті қаламызда халықаралық дәрежеде өткізу көзделіп отыр. Оған Қырғызстан, Ресей мен Өзбекстан мемлекеттерінің спортшылары шақырылады.