Тұлға

Мажкен Ғаббасовқа арналып мемориалдық тақта ашылды

Еңбегі сіңген азаматқа құрмет. Бүгін Петропавлда Ұлы Отан соғысының ардагері және қоғам қайраткері Мажкен Ғаббасовқа арналып мемориалдық тақта ашылды. Жерлесіміз 15 жыл бойы облыстық өнеркәсіп басқармасын басқарған. Мемориалдық тақта Мажкен Ғаббасовтың кезінде өзі қызмет атқарғанқазіргі ЦУМ ғимаратының қабырғасына орнатылды.

Мажкен Ғаббасов 1921 жылы Есіл ауданында дүниеге келген. Ол 20 жасында майданға аттаныпты. Ұрыс даласында 4 жыл бойы жаумен күресіп, жеңісті жақындатуға үлес қосты. Жерлесіміз соғыстан кейін елге оралып, партиялық жұмыспен белсенді айналысқан. 15 жыл бойы облыстық өнеркәсіп басқармасын басқарыпты.

Валерий Маслов – «Одақ» облыстық комсомол ардагерлері ұйымының төрағасы:

– Мажкен Ғаббасовты солтүстікқазақстандықтар жақсы таниды. Ол өмірінің соңына дейін қаламыздың қоғамдық өміріне белсенді араласып, ілкімді істерге зор үлесін қосты. Атап айтатын болсақ, оның басшылығымен Петропавлда бірқатар бес қабатты үйлер, балабақшалар мен зауыттар салынды.

Бүгін елі үшін аянбай қызмет атқарған Мажкен Ғаббасовқа мемориалдық тақта ашылып отыр. Салтанатты шараға 50-ге жуық адам қатысты.

Сағындық Макин – Мажкен Ғаббасовтың бұрынғы әріптесі:

– Мажкен Ғаббасов өте жауапты кісі болған. Еңбеқор болатын. Күн демей, түн демей уақытын жұмыста өткізген.

Мажкен Ғаббасұлы жары екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірген. Ұл-қыздары әкелерін еске алып, әрқашан өз балалары мен немерелеріне аталарының өткен өмір жолын айтып отырады екен.

Марс Ғаббасов – Мажкен Ғаббасовтың ұлы:

– Біріншіден, бүгінгі мемориалдық тақтаның ашылуына келген халыққа алғыс білдіремін. Әкемізді осылай еске алып жатқандары қуантады. Шынымен де, Мажкен Ғаббасұлы қаламыздың дамуына өзінің орасан зор үлесін қосты. Ол өте талапшыл адам болатын. Жұмыста да, үйде де солай еді. Сондықтан болар, балаларының барлығы жоғары білім алып, елімізге өз еңбектерін сіңіруде.

Айта кетейік, Мажкен Ғаббасұлы соғыс жылдарындағы ерліктері мен қаһармандығы үшін жауынгерлік және Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, екінші дәрежелі “Отан соғысы”, “Құрмет Белгісі” ордендерімен және 18 медальмен марапатталған.

 

Ешкенова Дана