Мәдениет

“Швецияның әуендері мен ырғақтары” атты концерт өтті

«Швецияның әуендері мен ырғақтары». Осындай атаумен кеше Жастар сарайында концерт ұйымдастырылды. Облыстық филармонияның өнерпаздары қазақ, орыс және швед тілдерінде ән шырқады.

Концерттің шымылдығын қолына скрипкасын ұстаған Артём Кислощей ашты. Жергілікті өнерпаз жиналғандарға «Мұң» классикалық шығармасын ойнап, кешке ерекше серпіліс берді.

Кейін сахна төрінде шведтердің «O, Fortuna» атты әні шырқалды. Туындыны облыстық филармонияның камералық хорының өнерпаздары орындап жатыр. Ұжымның көркемдік жетекшісі – Ғалия Мұхамеджанова.

Ғалия Мұхамеджанова – облыстық филармонияның камералық хорының жетекшісі:

– Бүгінгі кештің бір ерекшелігі біз ескі әндерді заманауи етіп орындаймыз. Ол әуендерді сіздердің ата-аналарыңыз естіген болар.

Салтанатты кеште Швецияның әуендерінен бөлек, халқымыздың танымал туындылары да орындалды. Әсіресе, Ақан серінің «Қараторғай» әнін өңір тұрғындары мен шетелден арнайы келген меймандар еліте тыңдады.

Матс Фойер – Швеция Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Өзге мемлекетте жүріп туған елімнің бірталай танымал өлеңдерін тыңдадым. Жергілікті өнерпаздар ұйымдастырған концерт маған қатты ұнады. Солтүстікқазақстандықтардың қонақжайлылығына разымын.

«Швецияның әуендері мен ырғақтары» атты кеште өңіріміздің өнерпаздары 30-ға жуық шығарма орындады.

– Бүгінгі кештен керемет әсер алдым. Маған қатты ұнады.

 – Концерттен тамаша әсер алдым. Әдемі әндер тыңдап, бір марқайып қалдым.

 

Маржан Касымбек