Құқық қорғау органдары

Петропавлда бәз біреу мектеп ішіне ұрлыққа түсті

“Білім-Инновация” лицей-интернатына бәз біреу ұрлыққа түскен. Қолының қыспасы бар адам оқушылардың ноутбук, әмияны мен сөмкелерін қолды қылған. Бұл – аптаның дүйсенбісінде орын алған оқиға. Қазіргі күні баукеспе құрықталды. Енді, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

– Оқиға таңғы сағат 5-тер шамасында орын алған. Бұл уақытта күзетші кезекті тексеріске шығады екен. Осы сәтті пайдаланған баукеспе мектептің артқы есігін бұзып кіріп, сынып ішіндегі заттарды үптеп кетеді.

Айнала тас қараңғы. Сыныпқа жәймен басып кірген ұрлықшы оқушыларға тиесілі ноутбук, әмиян, сөмке сияқты дүниелерді қолды қылыпты. Ұрланған заттардың жалпы құны 800 мың теңгені құрап отыр.

Ескендір Қалиханұлы – “Білім-Инновация” лицей-интернаты директорының міндетін атқарушы:

 – Енді бұл мәселеге байланысты біздің айтарымыз, ең бастысы біздің оқушыларымыз қауіпсіз аймақта болды. Яғни, жатақханада. Түнгі уақытта олардың қастарында өздерінің тәрбиешілері мен кезекші мұғалімдер болады. Жатақханаға және басқа қабаттарға ұры бармаған. Тек сол бір сыныптың ішіне кіріп, қолына түскен заттарын алып қашып кеткен.

Ұрлық жасалғанын бірден байқаған мектеп қызметкерлері сол жерде полицияға хабарласады. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары бейнебақылау камералары арқылы ұрының түр-тұлғасын анықтауға кіріседі. Бірақ, баукеспе бетін бүркеп алған екен.

Сән Жұмағазина – СҚО ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы:

– Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бұрын қылмыс жасағаны үшін сотталған 1983 жылы туылған Петропавл қаласының тұрғыны ұсталды. Оның пәтерінен ұрланған заттардың бір бөлігі мен құжаттар табылды.

Қазіргі күні ұрыға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ер адам 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

 

Бердимурат Баймухан