Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Nur Otan” партиясының Петропавл қалалық фракциясы бас қосты

“Nur Otan”-ның Петропавл қалалық фракциясы бас қосты бүгін. Бұл – депутаттардың 2019 жылдағы 4-ші жиыны. Отырыста облыс орталығын дамыту бағдарламасының жүзеге асу барысы тілге тиек етілді. Сондай-ақ, шаһар жолдарында жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижелері мен халықты баспанамен қамту мәселесі де талқысыз қалмады.

2016 жылы қабылданған “Петропавлды дамыту” бағдарламасы 2020-да тәмамдалады. Бүгінге дейін шамамен 56 млрд теңге жұмсалып, жоспарланған жұмыстың 90 пайызы орындалыпты. Тек 2 бағыт ақсап тұр. Біріншіден, жол апатынан қаза табу жағдайлары азаймай тұр, ал екіншіден жерді ұтымды пайдалану жағында нәтиже мардымсыз. Ал өзге бағыттар бойынша айтарлық оң көрсеткіштер бар дейді әкімдік өкілдері.

Назгүл Бекмағамбетова – қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы:

– 3 жыл ішінде инвестициялар көлемі 53-тен 68 млрд теңгеге дейін артты. Жұмыссыздық азайып, 4,4 пайызды құрады. Қазіргі таңда 3 пен 6 жас аралығындағы петропавлдық балақайлардың бәрі балабақшаға барады. Сондай-ақ, 3 жыл ішінде шаһарішілік жолдардың жағдайы шамамен 9 пайызға жақсарды.

Иә, жолдардың сапасы, шынымен де, әжептәуір жақсарды. Мұнымен халық қалаулылары да келісіп отыр. 2019-да Петропавл көшелерін қалыпқа келтіруге 1 млрд 700 млн теңге бөлінген. Алайда, жауапты ведомство басшысы шаруаны жөнді атқармайтын мердігерлер бар дейді. Олар прокуратурамен бірлесе жүргізілген тексеріс барысында анықталған.

Бақыт Ілиясов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

-2017 жылы Ульянов, Кеншінбаев, Партизанская және УкрАинская көшелерінде орташа жөндеу сапасыз жүргізілген. Ал 2018-де Интернационал мен Жамбыл көшелерінде бірқатар олқылықтар табылды. Асфальтты сапасыз төсеген компаниялардың көбі кепілдеме мерзімі аясында бәрін қалыпқа келтіреміз деді. Ал 3 мердігер қателіктерін түзетуден бас тартты. Оларды енді сотқа беріп жатырмыз.

Бұл компаниялар қара тізімге енгізілді. Бірақ, болашақта мұндай келеңсіздіктерді болдырмас үшін тексеруді күшейту керек дейді депутаттар. Олардың өздері де рейдтерге қуана-қуана шығатындарын жеткізді. Халық қалаулылары айта-айта жауыр болған Бөкетов көшесінің түйткілін көтерді. Көше тым тар.

Владимир Витченко, “Nur Otan” партиясы қалалық филиалының депутаттық фракция жетекшісі:

– Таңертең, түсте және кешке ылғи кептеліс. Өйткені, қаланың қақ ортасы ғой. Дүкендер көп болғасын, жолдың шетінде көліктер де көп тұрады. Қалада машиналардың саны көбеймесе, кеміп жатқан жоқ, сондықтан, жүктеме де азаймайды. Бір шешім қабылдау керек.

Әкімдік өкілдерінің жауабы сол – көшенің кеңейтілуі екіталай. Бірақ, ондағы көлік қозғалысын бірбағытты етуге болар еді. Бірақ, мұндай шешімді жіті ойланып барып қабылдау керек. Фракция отырысында халықты баспанамен қамту жағы да қаралды. “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында биыл – 69, ал “7-20-25” жобасы бойынша 400-ге жуық пәтер халық игілігіне тапсырылған. Аз қамтылған, көпбалалы және толық емес 91 петропавлдық жанұя “Бақытты отбасы” бағдарламасының шарапатын көріп, баспаналы болған. Үйлердің сапасы талай рет тексеріс жүргізген депутаттардың сынына ілікпеді. Бірақ, қарқыннан таймау керек дейді олар. Өйткені, әлі 14 мыңнан астам қала тұрғыны “қашан пәтер аламыз?” деп, кезектерін күтіп отыр.

 

 

 

 

Саят Ермек