Тұлға

М.Қозыбаевтің 88 жылдығына орай ауқымды конференция өтті

Әйгілі академик, тарих ғылымдарының докторы Манаш Қозыбаев көзі тірі болса биыл 88 жасқа толар еді. Бүгін осыған орай ғалымның атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға еліміздің әр өңірінен және Ресейден меймандар қатысты.

Салтанатты шара ұлт жанашыры, академик, тарих ғылымдарының докторы Манаш Қозыбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды.

Манаш Қозыбаев – еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бірінші болып ұлт тарихын көтерген ғалымдардың бірі. Белгілі қайраткердің қалдырып кеткен ғылыми еңбектері өскелең ұрпақ үшін өте маңызды. Жас буын өкілдері әлі күнге дейін академиктің жазған тарихи еңбектерінен нәр алып келеді. Білім ордасында студенттердің қатысуымен өткен конференцияда Манаш Қозыбаевтің жетістіктері жайлы айтылды.

Ербол Исақаев – “М.Қозыбаев атындағы СҚУ” КЕ АҚ ректорының міндетін атқарушы:

– Манаш ағамыздың бастамасымен көптеген қоғамдық істер жүргізілді. Егемендік пен тәуелсіздіктің жолында көп еңбек еткен Манаш Қабашұлының мұрасы бүгінгі күнге дейін зерттелуде.

Мұнда белгілі ғалымның шәкірттері мен кезінде бірге еңбет еткен замандастары келген. Олар ғалымның өмірбаяны мен еңбектеріне шолу жасады. Оның ұрпаққа қалдырған мұрасы бүгінде құнды дүниеге айналған.

Тілеген Садықов – Л. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, т.ғ.д., Нұр-Сұлтан қаласы:

– Бұл шараны біз ұлы ғалымның рухына көрсетілген үлкен бедел деп қабылдаймыз. Ол кісінің берген мұрасы мен еңбектері жастар үшін маңызды. Осыны кеңірек білсе екен, кеңірек айтса екен деп жыл сайын келіп конференцияға қатысамыз.

Ұлт тарихының тамырын тереңнен іздеген ғалым көзі тірі болғанда талай сырды ашар еді дейді ізбасарлары. Ол кісінің қол астында еңбек етіп, бірлесе ғылыми жұмыстар жазған жандардың бірі – Зирабүбі Төленова.

Зирабүбі Төленова – Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, Алматы қаласы:

-Мен Манаш ағаменен сонау 90-шы жылдары ғылым академиясына ең алғаш келгеннен бастап таныстым. Одан бастап 6 жылдай ағаның хатшысы ретінде жұмыс істедім.

Сонымен қатар, белгілі ғалымның 88 жылдығына орай университет аумағында студенттер аллеясы ашылды.

 

 

 

 Бердимурат Баймухан