Құрылыс

Биыл 1 мыңнан астам адам қоныс тойын тойлады

Биыл 1 мыңнан астам солтүстікқазақстандық салымшы қоныс тойын тойлады. Олар Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы өздерінің армандаған баспаналарына қол жеткізді. Бүгін, яғни Ұлттық валюта күнінде аталған қаржы ұйымының өкілдері тұрақты клиенттерімен кездесіп, мерекемен құттықтады.

Антон Шишканов – Гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті. Ол биыл оқу орнын тәмамдайды. Бозбала қолына дипломын алған соң жұмысқа кірмекші. Ақша жинап, пәтер алсам деген тілегі бар. Осы арманына қолжеткізу үшін жерлесіміз Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне келіпті. Мұнда өз атына депозит ашпақшы.

Антон Шишканов – студент:

– Алдағы 3 жылдың ішінде депозитімді 5-6 млн теңгеге жеткізгім келеді. Банк тұрғындар үшін өте қолайлы мүмкіндіктер ұсынып отыр. Мысалы, пәтер құнының 20 пайызын жинап, баспаналы болуға мүмкіндік бар. Әрі қалған соманы тек 5 пайыз үстемеақымен қайтарасың. Маған осы ұнады. Басқа қаржы ұйымдарында мұндай жағдайлар қарастырылмаған.

Ал Балғын Жұманова жақында өзінің арманына қол жеткізді. Күйеуі екеуі 3 бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды. Бүгін банк қызметкерлері нәзікжандыны тұрақты салымшы болғаны үшін ұлттық валюта күнімен құттықтап, сыйлықтар тарту етті.

Балғын Жұманова – қала тұрғыны:

 – Мінекей 3 жыл өткесін жаңа пәтер алдық. Жылда 5 млн теңге жинадық.

Балғын Жұмановадан бөлек, биыл мыңнан астам солтүстікқазақстандық баспаналы болды. Олардың барлығы мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен мақсаттарына жетті.

Алмас Жапабаев – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ СҚОФ директоры:

– Біздің банк жеке құрылыс компанияларымен белсенді түрде жұмыс істеуде. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалар аясында еңбек етудеміз. Мысалы, “Бақытты отбасы” жобасы бойынша 155 өтініш қабылдадық. Оның 128-і мақұлданып, тұрғындарға жалпы сомасы 1 млрд 200 млн теңгенің пәтерлері берілді.

Айта кетейік, қазіргі күні өңірімізде Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 44 мыңға жуық салымшысы бар. Жыл өткен сайын баспаналы болуға ниетті жандардың қатары ұлғайып келеді екен.

Култанов Байболат