Мәдениет

Қазақ театрында – жаңа премьера

«Кішкентай адамның үлкен трагедиясы». С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында жаңа қойылымның тұсаукесері өтті. Спектакльді Баатырбек Шамбетов Антон Чеховтің 6 бірдей әңгімесіне негіздеп құрған.

“Қорғансыз жан”, “Қаскүнем”, “Дипломат” пен тағы 3 бірдей әңгімеден құралған қойылым. Олардың әрқайсысының оқиға желісі бөлек, кейіпкерлері де әр түрлі. Бірақ, барлығын не біріктіреді? Антон Чеховтың туындыларын тоғыстырып, алтауын бір тақырып аясында ұсынуда қандай идея жатыр? Спектакльді қоюшы-режиссер – Баатырбек Шамбетов. Ол қойылымда 19-шы ғасырдың соңындағы байлардың ашкөздігі, кедей құқығының тапталуы көрініс табады дейді.

Баатырбек Шамбетов – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының қоюшы-режиссері:

 – Бір дегенде рөлді алып ойнап кете алмайсың. Чеховтың ойын түсіну бір бөлек, ал оны көрсете білу – қиынның қиыны. Сондықтан, оған 3 ай уақытымызды жұмсадық.

6 бірдей туынды “Кішкентай адамның үлкен трагедиясы” деген атаумен сахналанды.
Барлық кейіпкерлерді 4 адам сомдады. Соның бірі – Асылхан Рәзиев. Әңгімелердің әрқайсысында басты рөлде ойнаған актер көрермендерді өз өнерімен тәнті қылды.

Асылхан Рәзиев – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

– Бірнеше персонажды алып жүру керек болды. Кейіпкерлердің ауысу арасы 5-6 секунд ғана. Бір рөлден екіншісіне ауысу қиындау болды және үлкен жұмысты талап етті. Әр персонаждың қылығын зерттеп барып, олардың мінез-құлықтарын алға шығардық.

Театр труппасында спектакльдегі оқиғалардың көптігімен көрермендерді жалықтырып аламыз ба деген қорқыныш болған екен. Алайда, актерлер алға қойған мақсаттарына жетіп, өнерсүйер қауымының ыстық ықыласына бөленді.

– Әңгімелерде бір жағынан күлкілі әрі терең мағынасы бар көріністер болды. Өте қатты ұнады.

– Бүгін немереммен спектакльге келгенбіз. Өте керемет, жақсы өтті. Бізге қатты ұнады.

– Кішкентай адамның үлкен трагедиясы” шынымен де көрермендерге күліп отырып ойға кететін, ойлап отырып күлетін керемет қойылым болды.

Бұл – биылғы жылға соңғы премьера. Өнер ұжымы қарашаның 18-і Талдықорған мен Алматы қалаларына гастрөлдік сапармен аттанбақ. Ал жаңа туындылар көрерменге келесі жылдың басында жол тартады.

 Актолкын Солтанханкызы