Бизнес және экономика

15 қараша – Ұлттық валюта күні

Бүгін – Ұлттық валюта күні. Яғни, төл теңгеміздің айналымға енгеніне тура 26 жыл толып отыр. Осы орайда Ұлттық банктің жергілікті филиалында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Оған өңірдің қаржы саласының 50-ге жуық маманы қатысты.

Ұлттық банк теңгенің алғашқы үлгілерін 1992 жылдың 27 тамызы күні бекіткен болатын. Сол жылы теңгенің дизайны жасалып, ұлттық валютамыз Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасында Елбасымыз ұлттық валюта енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Кейін араға 3 күн салып қазақстанның төл валютасы – теңге айналымға шықты.

Диас Мэлс – «ҚР Ұлттық банкі» РММ СҚОФ директоры:

– Бүгін біз теңгеміздің 26 жылдығын тойлап отырмыз. Қазіргі күні ұлттық теңгеміз сапа жағынан түрлі байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр.

Қазақстан тәуелсіздігінің айғағы – ұлттық теңгенің 26 жылдығына орай бірқатар қаржы саласының өкілдері марапатталды. Шара барысында мамандарға ұлттық банк төрағасының, облыс және қала әкімінің алғыс хаты мен құрмет грамотасы табысталды. Марапатталғандардың қатарында Бақыт Мұратханова да бар. Нәзікжанды қаржы саласында 16 жылдан бері тер төгіп келеді. Бүгін ол ұзақ жылдар бойы атқарған қажырлы еңбегі үшін Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың атынан алғыс хат алды.

Бақыт Мұратханова – «ҚР Ұлттық банкі» РММ СҚОФ бас маман-заң кеңесшісі:

– Бас маман-заңгер болып 2004 жылдан бері қызмет етіп келемін. Әріптестерімді Ұлттық валютаның 26 жылдығымен құттықтаймын. Бүгінгі алған марапатыма қуаныштымын.

Қазіргі күні қазақстандық банкноталар 20 деңгейлі қорғаныс қабатына ие. Қолдан жасау мүмкіндігі барынша шектелген қаржылық айналым құралы болып саналады.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан