Мәдениет

НЗМ оқушылары халықаралық би байқауында үздік атанды

Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің “Гәкку” би ансамблі халықаралық би байқауында үздік атанды. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы “Без границ” атты дәстүрлі сайыс Санкт-Петербор қаласында өткен. Жерлес өнерлі оқушылар 42 топтың ішінен оқ бойы озып алға шықты.

“Гәкку” би ансамблінің құрылғанына биыл 4 жыл толыпты. Осы аралықта ұл-қыздар түрлі облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленген. Ал халықаралық байқауда шығармашылық ұжым алғаш рет өнер көрсеткен. Санкт-Петербордың сахнасында солтүстікқазақстандық оқушылар “Би-күй”, “Тойға шашу” және “Қара жорға” билерін орындаған. Қазылар алқасына әсіресе соңғысы ұнаған көрінеді.

Виктория Тихонкова: Химия-биология бағытындағы НЗМ «Гәкку» би ансамблінің жетекішісі:

– Қазылар алқасы “Қара жорғаны” биін орындауымызды жоғары бағалады. Сарапшылар бұл нөмірде қазақ халқының дәстүрлі биі айқын көрініс табатынын ерекше атап өтті.

Бүгінде “Гәкку” би ансамблінің құрамында 60-қа жуық ұл-қыз бар. Байқауға оның 20-сы ғана қатысқан. Араларында Айза Исенеева да бар. Бұрымды қазір 11-сыныпта оқиды. Ол биге бала кезінен құмар.

Айза Исенеева: Химия-биология бағытындағы НЗМ «Гәкку» би ансамблінің мүшесі:

– Менің “Гәкку” би ансамбліне мүше болғаныма биыл 4 жыл толды. Бұған дейін 3 жасымнан “Қуанамын” ұжымына мүше болғанмын. Кейін зияткерлік мектебіне түсіп 1 жылдай айналысқан жоқпын. Алайда, бисіз өмір сүре алмайтынымды түсініп, ансамбльге келдім.

Қазіргі күні өнер ұжымына ұйымдастырушылар тарапынан көптеген шақыртулар түсуде. Осы орайда жас бишілер дайындықтарын күшейткен. Бірақ, әзірге алдағы байқаулардың қайсысына қатысатындарын нақты шешпеген.

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы