Құқық қорғау органдары

Кәсіпкерлер ақпараттандырылды

Жыл басынан бері өңірімізде адам көп шоғырланатын нысандар бойынша 500-ге жуық тексеріс жүргізілген. Оның 200-і тиісті стандарттарға сай емес, яғни төтенше жағдай мен лаңкестік шабуылдың алдын алу бағытында қауіпсіздік шарттары қарастырылмаған.

Адам көп шоғырланатын жерлерде кез келген уақытта лаңкестік шабуыл орын алуы мүмкін. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында нысан қожайындарына белгілі бір талаптар қойылады екен. Мәселен, ғимаратта міндетті түрде телевизиялық жүйеге қосылған бейнебақылау камерасы орнатылуы керек. Және ол адамның бет-әлпетін анық көрсете алатындай жағдайда болуы қажет. Бұл – нысан иелеріне қойылатын талаптардың бір парасы ғана.

Дархан Сыздықов – СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

– Сонымен қатар, ғимараттың іші-сыртында дабыл беру және жарық арқылы хабарлау жүйесі, эвакуация жоспары орнатылуы керек. Ал әр нысанда қызмет ететін адамдар арнайы жаттығудан өтіп, кез келген жағдайға дайын болулары тиіс. Бұл талаптар төтенше жағдай немесе лаңкестік шабуыл кезінде азаматтардың өмірін сақтап қалу үшін өте маңызды.

Сонымен қатар, бір мезетте шамамен 100-ден астам адам жиналатын ғимараттар мен сауда нүктелерінің барлығында антитеррорлық қауіпсіздік туралы құжат болуы керек екен. Егер бұл талап орындалмаса кәсіпкер жауапкершілікке тартылып, 200-ден 300 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді.

Құралай Жарова – облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Қазіргі күні өңірдегі іскер жандардың қатары 8 пайызға өсті. Осыған байланысты жаңа нысандар да көбейіп жатыр. Олардың барлығы антитеррорлық қауіпсіздік жайлы ақпарат алуы тиіс. Бүгін біз халық көп жиналатын нысандары бар азаматтар үшін ақпараттандыру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Олар – сауда орталықтары мен қонақ үй қожайындары және кәсіпкерлер. Жиында қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап береміз. Мұндай шара әр тоқсан сайын өткізіліп тұрады.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер үшін 3 жылда бір рет қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінен біліктілікті арттыру курстары өткізіліп тұрады.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан