Аптадағы маңызды жаңалықтар

Емдеу мекемелері біріктірілуде

Өңірімізде ауруханалар мен емханаларды біріктіру науқаны 2 жыл бұрын бастау алған. Содан бері біраз емдеу мекемелері қосылып, көпбейінді ауруханалар жүйесі құрылды. Бұл жаңаша әдістің арқасында науқастар медициналық көмектің барлық түрін бір жерден ала алады әрі қызмет сапасы жақсармақ.

Бүгінде ауруханалар мен емханалардың жұмысына көңілі толмайтын тұрғындар баршылық. Бірі қағазбастылық мәселесін айтса, енді бірі медициналық қызмет сапасының төмендігін сөз етіп жатады. Оған қоса, дәрігерлердің тапшылығы да бар. Осындай проблемаларды жою мақсатында денсаулық сақтау министрлігі ауруханалар мен емханаларды біріктіріп жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, емханалар монобейіннен енді көпбейінді ауруханаларға көшуде. Сонда оның артықшылығы неде болмақ?

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Негізгі мақсаты – сапалы медициналық қызмет көрсету. Оған қоса, өпсалалы ауруханалар құру аясында инвестициялық тартымдылық жақсармақ. Кадр мәселесі де шешіледі.

Жалпы, біздің өңірімізде аруханалар мен емханаларды біріктіру науқаны 2 жыл бұрын бастау алған. Мәселен, наркологиялық орталық пен психоневрологиялық диспансердің қосылғаны белгілі. Ал өткен жылдан облыстық аурухана мен тері-венерологиялық диспансер бірлесіп жұмыс жасауда. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын тапты. Жуырда облыстық ауруханамен онкологиялық диспансер, кардиологиялық және перинаталдық орталықтар біріктірілген болатын. Мұндай шешім жыл басында қабылданған екен. Перзентхананың бас дәрігері Жанна Маутова бұл істі қолдап отыр.

Жанна Маутова – облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері:

– Ең біріншіден, емделушілер үшін бұл ыңғайлы болмақ. Біздің аурухананың өзін алатын болсақ, нәзікжандылар бізге тек акушерлік патологиямен ғана түспейді. Олар түрлі аурулармен келеді. Сол себепті де, келіншектерге барлық саладағы дәрігерлердің көмегі қажет болып жатады. Бұрын оларды ана емханаға бар, мына ауруханаға бар деп жіберетінбіз. Енді олай емес. Біріккеннің арқасында барлығы жеңілдетілді. Пациент тиісті медициналық көмекті бұрынғыдан әлдеқайда жылдам алып, барлық шаруасын бір жерде тындыра алады.

Сонымен, тұрғындар ауруханалардың бірігуінен тек пайда көреді дейді мамандар. Оған қоса, көпбейінді ауруханалар құру аясында кадрлық және құрал-жабдық тапшылығы мәселелі шешілмек.

 

 

Ешкенова Дана