МТРА жаңалықтары

Теріскейлік оқушы халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды

Солтүстікқазақстандық оқушы жуырда «Артек» лагерінде өткен «Біздің батырлар» атты халықаралық байқауға қатысып қайтты. Сайыста ТМД елдерінен жиылған 12 мыңға жуық жас өздері жазған жобаларын қорғаған.

Мирас Бариев ЛОРД мектеп-лицейінің 7-ші сыныбында оқиды. Жасөспірім -сыныптастарының алды, оқуда озат. Талапты жеткіншек қолы босай қалса бірден кітапханаға асығады.

Мирас Бариев Қырымдағы «Артек» лагерінде өткен «Біздің батырлар» атты халықаралық байқауға қатысып келіпті. Қарашаның 4-і күні ұйымдастырылған сайыста ТМД елдерінен келген 12 мыңнан астам жас бақ сынасқан. 7-ші мен 10-шы сынып аралығындағы оқушылар өздері жазған жобаларын қорғапты. Мирас ҰОС ардагері жерлесіміз Пётр Гладковтың өмірі мен ерлігі жайлы баяндаған. Осылайша, еңбегі қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, жеңімпаз атаныпты.

Мирас Бариев – Дарынды балаларға мамандандырылған ЛОРД мектеп-лицейінің оқушысы:

– Біздің ата-бабаларымыз ҰОС-ына қатысып жерімізді жаулардан қорғап қалды. Олар сыйлап кеткен бейбіт күнді сақтау – біздің қасиетті парызымыз. Ұрпақтың болашағы үшін жанын аямаған жандарды көзі тірісінде құрметке бөлеуіміз керек.

Халықаралық байқауға Мирастан бөлек ЛОРД мектеп-лицейінің тағы бір оқушысы барған екен. Алайда, ғылыми жетекшілері Сәуле Мырзабаеваның сөзінше, ол іріктеу кезеңінен өте алмапты.

Сәуле Мырзабаева – Дарынды балаларға мамандандырылған ЛОРД мектеп-лицейінің орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі:

– Байқаудың бірінші кезеңінде 12 мың адамның тек 34-і ғана іріктелініп алынды. Елімізден барған оқушылардан тек Мирас келесі кезеңге өте алды. Оның жобасы көпшіліктің көңілінен шықты. Соңында қатысушылардың 3-уіне бас жүлде берілді.

Мирас Бариев болашақта жазған жобасын дамытқысы келеді. Ол Пётр Гладковтың өмірі және ерлігімен толық танысқаннан кейін жерлесіміз туралы кітап жазып көрмек.

Маржан Касымбек