МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандық дизайнер “ALTYN OIMAQ” байқауына қатысуда

Елордада наурыз айынан бері кезең-кезеңімен дизайнерлердің “ALTYN OIMAQ” атты байқауы өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде бағын сынау үшін әуелде 300-ге жуық шебер ниет білдіріпті. 4-уі – солтүстікқазақстандықтар. Соның арасынан ақтық кезеңге тек Зарина Черняева ғана жеткен.

Зарина Черняева кішкентайынан спортқа жақын болыпты. Сол себепті, ару оқушы кезінен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болуды армандапты. Алайда, ата-анасы жасөспірімнің бұл таңдауын құптамай, “модельер- конструктор” мамандығы бойынша оқуға түсірген екен. Бүгінде нәзікжанды туғандарының жасаған таңдауына өкінбейді. Себебі, қазір Зарина – өз ісін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкер әрі республикалық байқаудың финалисі.

Зарина Черняева: “ALTYN OIMAQ” байқауына қатысушы:

– Мен негізінен қыз-келіншектерге арнап киім тігемін. Байқауда “Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген, іскерлік киімнің үздік дизайны” номинациясы бойынша қатыстым. Ақтық сынға дейін жететініме сенімді болдым. Қазылар алқасы жұмыстарымды жоғары бағалады. Олардың назарына мен кеңседе отыратын аруларға арнап ыңғайлы қазақы көйлек, белдемше, шалбар мен жакет тіктім.

Бірден көзге түсіп, көптің назарын аудартатын мына бір киімді Зарина 1 ай көлемінде дайындапты. Бұл жакеттің ішкі жағы мен жеңін нәзікжанды оюлы бас орамалмен көмкерген. Ерекше киімнің тіпті жағасы мен түймесі де ұлттық нақышпен өрнектеліпті.

Зарина Черняева: “ALTYN OIMAQ” байқауына қатысушы:

– Бұл – іскер қыз-келіншектерге арналған көйлек. Жеңі мен жағасы оюмен безендірілген. Оған 3 апта уақытымды жұмсадым. Ашық көк түс таңдауымның өзіндік себебі бар. Бұл нәзіктік реңк береді.

Бүгінде Зарина қол қусырып отырған жоқ. Аруға қаңтар айына дейін тапсырыстар түскен екен. Қазір нәзіжанды қызу жұмыс үстінде әрі шәкірт тәрбиелеуге де уақыт табуда.

Анна Алимбекова – Зарина Черняеваның шәкірті:  

– Мен бір жұманың ішінде көп нәрсе үйрендім. Бұрын тіпті тігін машинасының қалай жұмыс істейтінін білмеуші ем. Енді оның да тілін таптым.

Айта кеткен жөн, қарашаның 13-і, яғни бүгін сағат түнгі 12-де “ALTYN OIMAQ” атты байқаудың онлайн дауыс беру кезеңі аяқталады. Ал сайыстың нәтижесі тек желтоқсанда белгілі болады. Жеңімпаз біреу ғана. Жүлделі орындар қарастырылмаған. Ақтық кезеңде жерлесіміздің тағы 3 бәсекелесі бағын сынап жатыр. 6 номинация бойынша анықталған жеңімпаздардың әрқайсысына 1 млн теңгеден беріледі.

 

Актолкын Солтанханкызы