Қоғам

М.Жұмабаев ауданының тұрғындары шаштараз мамандығын меңгеруде

Жұмыссыз жүрген 16 келіншек жаңа мамандықтың қыр-сырын меңгеріп жатыр. Оқулары аяқталған соң барлығы бірдей шаштараз атанады, қолдарына тиісті құжаттарын алады. Булаево қаласында “Санжар” оқу орталығының бастамасымен алғаш рет  тегін  үш айлық шаштараз курстары өткізіліп жатыр. Мұнда нәзікжандылар шашты қию мен бояуды ғана үйреніп қоймай, тәлім ала жүріп шәкіртақыға да ие болады екен.

Қайшыны қолда ұстап қана қоймай, оның тілін таба білу қажет. Артық қидың ба алдында отырған адамды ренжітіп аласың. Бұл мамандықтың қыр-сырын игеру оңай емес. Ол үшін 3 айлық курстар жеткілікті дейді мамандар. Яғни шаш қию өнерінің әліппесін білсең, ыңғайың болса уақыт өте келе тәжірибе де толықпақ.

Мария Жұманова – шаштараз:

– Шаштараздық курстар қыркүйек айының соңында басталған болатын. Алғашында нәзікжандыларға теориясын түсіндірдім. Енді міне практика кезеңі жүріп жатыр. Тәлімалушылар бір-бірінің шашын сәндеп үйренуде. Оқудан өтуге келген 16 келіншектің барлығы да өнерлі.

Бұл кәсіп те шығармашылықты, ізденісті талап етеді. Оның үстіне қазіргі заманда құр мамандық иесі атану жеткіліксіз. Шаш қидыртуға келген адамдардың талаптары мен талғамдары әдетте жоғары. Мұны Бақыт Жанрахимова жақсы біледі. Кәсіптің қыр-сырын аз да болсын білу үшін әрі машығын сәл жетілдіру үшін Бақыт ханым алғашында туыстарының шашын қиыпты. Мұнда да ол көп дүниені үйренген.

Бақыт Жанрахимова – оқу курсына қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:

– Түрлі шаш үлгілерін жасау маған бұрыннан ұнайтын. Шаштараздық курстары өтетінін естігенде бірден осында келетінімді шештім. Мұнда барлығын жақсы түсіндіреді. Бір жарым ай ішінде көп нәрсені білдік. Келешекте жақсы бір шаштараз салонына жұмысқа тұрсам деймін.

Жалпы, шаштараздық курстарын Петропавл қаласындағы “Санжар” оқу орталығы ұйымдастырған екен. Осы ұйымның бастамасымен Булаево қаласында өтіп жатқан оқулар желтоқсанның соңына дейін жалғасады. Кейін 16 нәзікжанды тиісті сертификатқа ие болады.

Нұржихан Кукла – М.Жұмабаев аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Оқу барысында болашақ шаштараздар 21 мың теңге көлемінде шәкіртақы алып жатыр. Оларға оны жұмыспен қамту орталығы төлейді. Қыз-келіншектер 3 айлық курстардан кейін қолдарындағы сертификатымен жұмысқа тұра алады.

Айта кетейік, Булаево қаласында шаштараздық курстары келесі жылы да жалғасын таппақ.

Ешкенова Дана