МТРА жаңалықтары

Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті

Мемлекеттік қызметкердің бірі алған несиені қайтара алмаған, ал енді біреуі сеніп тапсырған мүлікті басқа біреудің қолдануына берген. Аталған жайттар әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды.

Ғабит Мүсірепов аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Оразбек Бескемпіров үлкен сомадағы қарызға батқан. Мемлекеттік қызметкер осыдан 4 жыл бұрын банкте және түрлі шағын кредиттік ұйымдарда өз атына несие рәсімдеген екен.

Руслан Жұмағұлов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

 – Алған қарызды уақытылы төлей алмағанының себебінен оның көлемі 4 млн теңгені құрап отыр. Осыған байланысты жұмысына және әріптестерінің телефондарына қаржы ұйымдары мен жеке сот орындаушыларынан үздіксіз қоңырау түскендіктен басқармадағы мамандар біраз наразылық білдірген.

Оразбек Бескемпіровтің айтуынша бұл қаржыны ол жақындарының ем-домы мен жалға алып отырған пәтерінің ақшасын төлеу үшін алыпты. Осы ретте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко қалай болғанның өзінде мәселенің ушығып кетуіне жол бермеу керек еді деді.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Сіз әдеп нормаларын біле тұра бұған қалайша жол бердіңіз? Басшы болғаннан кейін өз ұжымыңызға үлгі көрсетуіңіз керек емес пе?! Сауалнама қорытындысы бойынша әріптестеріңіз жеке сот орындаушылары мен коллекторлардың үздіксіз хабарласулары жұмысымызға кедергі келтіреді деп айтып жатыр.

Мемлекеттік қызметкер қарызды келесі жылы жабамын деді. Ал кеңес мүшелері Оразбек Бескемпіровке ұжымда қолайсыз жағдай тудырғаны үшін тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Ал келесі қаралған мәселе Петропавл қаласының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Серік Сабралинге қатысты болды. Ол сақтауға тапсырылған затты басқа компанияның қолдануына берген.

Султан Магомедов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

– «Казградстрой» серіктестігі тұрғызып жатқан көп қабатты үйдің құрылысы белгісіз бір себептермен тұралап қалады. Кейін осы компания құрылыс барысында қолданған арнайы қалыптарды қалалық құрылыс бөлімі өз сақтауына алады. Бұдан соң сеніп тапсырылған дүниені Серік Сабралин «Севимсталькон» серіктестігінің қолданысына берген.

Бұл ретте Серік Сабралин өз кінәсін толық мойындап отыр. Бірақ, «Казградстрой» серіктестігі құрылысты уақытылы тапсырмай, өз міндеттерін дұрыс орындамағандықтан бос жатқан қалыптарды жай тұрмасын деп басқа мердігердің қолданысына бердім дейді. Кеңес мүшелері Әдеп кодексінің нормасын сақтамағаны үшін мемлекеттік қызметкерге қатаң сөгіс жариялауды ұсынды.

 

 

 

Бердимурат Баймухан