Қоғам

2020 жылдың 3-ші қазанынан кейін ескі банкноттарды айырбастау аяқталады

Елімізде 2016 жылдан бері ескі банкноттарды айырбастау жүріп жатыр. Бірақ, ол алдағы 1 жылда аяқталады. Қазақстан Ұлттық банкі оны 2020 жылдың 3-ші қазанынан кейін тоқтатпақ. Яғни, бұл – «Бәйтерек» монументі және «Ашық алақан» сериясымен шыққан банкноттарды алмастыратын соңғы мүмкіндік. 2006 жылғы номиналы 2 мың, 5 мың және 10 мың теңгелік купюралар сол уақыттан бастап мүлдем ауыстырылмайтын болады.

Александр Афанасьев – «ҚР Ұлттық банкі» РММ СҚОФ касса меңгерушісі:

– Егер де біреуде ескі үлгідегі банкноттар қалса, оларды алдағы жылдың 3-ші қазанына дейін айырбастауға болады. Ол үшін азамат біздің банкке банкнотпен қоса, төлқұжатын алып келуі қажет. Осы жерде біз «Бәйтерек» монументі мен «Ашық алақан» бейнеленген купюраны айналымдағысына ауыстырып береміз. Ол үшін ешқандай комиссия ұсталмайды. Ұлттық банктің кассасы таңғы 9-дан күндізгі 15:00-ге дейін жұмыс істейді.

 

 

Култанов Байболат