Құқық қорғау органдары

Жолға патрульдік полиция көлігінің макеті қойылды

Биыл облыс аумағындағы республикалық жолдарда 26 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 9 адам қаза тапқан. Тас жолдардағы көлік ағынының жылдамдығын бәсеңдетіп, жүргізушілерді тәртіпке шақыру мақсатында қазір жол шетіне патрульдік полиция көліктерінің макеттері қойылуда. Ерекше жоба өңірде М.Жұмабаев ауданынан бастау алды. Мұнда тәртіп сақшыларының қызметтік көлігінің үлгісі Булаево қаласына кіреберісте орнатылған.

Полиция қызметкерлерінің жолда құйындай жүйткитін тұлпар иелерін тежеудің бір амалы. Муляж немесе дәлбедер. Алыстан қарасаң кәдімгі патрульдік полиция машинасы сияқты. Жақындай келе пластиктен жасалған пішін екенін байқауға болады. Доңгелектері бар, төбесінде жарықшам жанып тұрады. Оның өзі тоққа қосылған екен.

Жалпы, мұндай макеттерді Қазақстаннның тас жолдарында жиі кездестіруге болады. Бұндай жоба өңірімізде алғаш рет қолға алынып отыр. Бір-біреуінің құны 180 мың теңге тұрады. Алғашқы макет М.Жұмабаев ауданындағы республикалық маңызы бар «Челябі-Новосібір» тас жолының 618-ші шақырымына орнатылған.

Ержан Тамышев – М. Жұмабаев аудандық полиция бөлімінің бастығы:

– Тас жолдарда жылдамдықты шектен тыс асыру жиі кездеседі. Салдарынан жол-көлік апаты орын алуы мүмкін. Дәл осы трассада қайғылы жағдайлар жиі орын алады. Әсіресе, түнгі уақытта. Сол себепті, оқыс оқиғалардың алдын алу үшін барлық тиімді іс-шараларды қолдану қажет.

Бұл жоба жүргізушілер тарапынан тиісті ережелерді сақтауға септеседі дейді тәтіп сақшылары. Десе де, нәтиже әлден байқалып жатқан көрінеді. Макет қойылғалы бері бір аптаның ішінде жолда жүру ережелерін бұзу фактілері азайған.

– Негізі, жақсы ойлап табылған. Жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге пайдасы тиеді деген ойдамын.

– Патрульдік көлікті көрген жүргізушілер жылдамдықты бірден түсіре бастайды. Мұндай макеттер түнгі уақытта көп септігін тигізеді.

Жалпы, өңірде бұл жоба кең етек жаймақ. Патрульдік полиция машинасының макеттері көлік қозғалысы тығыз жолдар мен апат жиі болатын қауіпті трассаларға қойылмақ.

Баян Байғаскина – СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы:

– Алдағы уақытта барлық өңірлерде осындай макеттер орнатылмақ. Әсіресе жиі апат орын алатын трассаларда.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыс аумағындағы республикалық жолдарда 26 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 9 адам қаза таптқан.

Ешкенова Дана