Денсаулық сақтау

МӘМС жүйесінің жұмыс істеу механизмі түсіндірілді

Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылысымен денсаулық сақтау саласын қаржыландыру арта түспек. Бұл өз кезегінде көрсетілетін медициналық қызметтер тізілімін кеңейтуге ықпал етеді дейді мамандар. Қазіргі уақытта аталған жүйенің жұмыс істеу механизмі халық арасында жіті түсіндіріліп жатыр.

Жаңа жүйені енгізіп қана емес, оны тұрғындарға жіті түсіндіру қажет. Залда өңіріміздің барлық емханаларының қызметкерлері жиылған. Елордалық сарапшы маман келгендерге әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімді тұстарын айтуда. Және азаматтардың тең дәрежеде медициналық көмек пен дәрі-дәрмек алып, сапалы қызметке қол жеткізу жолдарын түсіндіріп жатыр.

Марат Мамаев – денсаулық сақтауды қаржыландыру саясаты бойынша сарапшы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Бұл семинардың негізгі мақсаты – медициналық қызметкерлердің МӘМС-ке байланысты әр түрлі туындаған сұрақтарына жауап беріп, медициналық сақтандырудың негізгі мақсаттарын және оның жүйеге әкелген жаңалықтары жайлы айтып беру. Және ақпараттық системалардың соған байланысты қалай жұмыс істейтіні жайлы баяндалады.

Медициналық сақтандыру несімен тиімді дейсіз ғой? Бұл жүйеге тіркеліп, сақтандырылған азаматтар ақылы емделу үшін қаржы жұмсамайды. Және көптеген медициналық қызметтерге тегін қол жеткізеді. Бұған консультациялық-диагностикалық көмек, профилактикалық тексеру, зерттеу және диагностика, қымбат тұратын оталар мен медициналық оңалдыру кіреді.

Карина Грауверг, Облыстық медициналық жедел жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

– Мен бүгінгі семинарға тыңдаушы әрі болашақ спикер ретінде келіп отырмын. Мұнда мамандардың айтқанын тыңдап, қағазға түртіп алдым. Кейін білген-түйгенімді аудандардағы әріптестеріме түсіндіремін. Ал олар болса ары қарай халыққа жеткізіп, жүйенің жұмыс істеу механизмін баяндайды.

Сонымен қатар, жаңа жүйе аясында жеке меншік клиникаларда да емделуге болады. Ол үшін мекеме міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісім шартқа отыруы тиіс.

 

 

Бердимурат Баймухан