Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кейбір отбасылар әлі күнге дейін АӘК-ге қол жеткізе алмай жүр

Қызылжар ауданындағы Шаховское селосында тұратын жағдайы төмен отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай жүр. Көпбалалы және тұрмысы нашар жанұялар құжаттарын осыдан 4 ай бұрын рәсімдепті. Алайда, әлі күнге дейін жәрдемақы берілмеген.

Гүлнара Жансейітова – Шаховское селосының тұрғыны. Нәзікжанды 6 баланы тәрбиелеп отыр. Оның 5-еуі әлі кішкентай. Сондықтан, келіншектің жұмыс істеп, нәпақа табуға мүмкіндігі жоқ. Ал күйеуінің бір айлық жалақысы жанұяға жетпейді екен. Сол себепті, отбасы үстіміздегі жылдың шілдесінде атаулы әлеуметтік көмек алуға өтішін білдіріпті. Жерлестеріміздің құжаттары мақұлданған. Алайда, мемлекеттен берілетін жәрдемақыға әлі күнге дейін жөнді қол жеткізбепті.

Гүлнара Жансейітова – Шаховское селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Бізге 4 айдан бері атаулы әлеуметтік көмек төленбей жатыр. Тек тамыз айында алғытөлем ретінде 20 мың теңге берілді. Одан кейін ешқандай ақша алмадық. Мұның мән-жайын сұрап едік, бізге бюджетте қаржы қалған жоқ деп айтты. Құжат бойынша біз 1 жыл бойы атаулы әлеуметтік көмек алуға тиіспіз.

Мұндай жағдайға жалғыз Гүлнара Жансейітова ғана емес, Шаховское селосының өзге де тұрғындары тап болып отыр. Олар да әлі күнде дейін атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізбепті.

Мұны Қызылжар аудандық әкімдігінің мамандары былай түсіндірді. Олардың айтуынша жылдың басында әлеуметтік көмекке 128 отбасы жүгініпті. Ал бірінші сәуірден бастап мемлекеттік қолдауға үміт артқандардың саны үш есеге артқан. Яғни, жәрдемақыға мұқтаж жанұялардың қатары 379-ға жеткен. Сол себепті, бюджеттегі ақша жетпей қалыпты.

Ләззат Қасенова – Қызылжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

– Мәселені шешу үшін жұмыспен қамту бөлімі мемлекеттен қосымша 60 млн теңге бөлуді өтінді. Ағымдағы жылдың 1-ші қарашасында Ұлттық қордан 11 млн бөлінді. Осылайша тамыз айындағы берешек өтелді. Енді 15-ші қарашадан кейін республикалық бюджеттен тағы 50 млн теңге түсуі қажет. Ал желтоқсанда Ұлттық қор мен ел қазынасынан 21 млн теңге аударылады.

Аудандық бюджетке қаржы түскеннен соң мәселе толығымен шешіледі. Яғни, отбасылардың барлығына ақша төленеді. Осы орайда айта кетейік, Қызылжар ауданында бастапқыда атаулы әлеуметтік көмекті 400 отбасы алған. Алайда, тексерістің нәтижесінде олардың тек 263-інің жәрдемақыға мұқтаж екендігі анықталған.

 

 

Маржан Касымбек