Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Якорь құс фабрикасы” серіктестігінде жаңа корпус іске қосылды

Бүгін “Якорь құс фабрикасы” серіктестігінде жаңа корпус іске қосылды. Мұнда 75 мың бас “Кросс” тұқымды тауықтардың шөжелері бағылмақ. Кәсіпорынға өнімділігі жоғары қанаттылардың балапандары Ресейден әкелінді. Компания үстіміздегі жылы тағы 2 нысанды ашпақ. Нәтижесінде келер жылы өндірілетін жұмыртқа саны 150 млн данаға жетеді.

Бұл – “Якорь құс фабрикасы” серіктестігінің нөмірі 9-шы корпусы. Нысанның құрылысы үстіміздегі жылдың сәуірінде басталып, тамыз айында аяқталыпты. Ал, бүгін іске қосылмақ. Ғимаратта күні кеше ғана туылған тауық балапандары бағылатын болады.

– Жаңадан салынған нысанның іші әзірге бос. Нақтырақ айтар болсақ, мұнда әлі құстар жоқ, тек қана мынандай қондырғы тұр. Ол сонау Белгия елінде жасалыпты. Соңғы үлгідегі саналады.

Автоматты түрде басқарылатын қондырғының құны да қомақты. 170 мың еуро тұрады. Заманауи дүние өзінің беріктімен, жайлылығымен ерекшеленеді. Яғни, мұнда “Кросс” тұқымды тауықтардың 75 мың бас біркүндік балапандары еш қиындықсыз өсіп-өніп кете алады. Оларды кәсіпорын басшылығы Ресейдің Кемерово облысынан сатып алыпты. Қазір сол жақтан әкеле жатыр. Компания өндіріс ауқымын кеңейту үшін мемлекет қолдауына жүгінген екен. Нәтижесінде “Сбербанктен” 700 млн теңге несие алыпты. Ал “Даму” қоры кредиттік пайыздың бір бөлігін субсидияласа, «KazakhExport» АҚ қарызды қайтару бойынша кепілдік беріпті. Осының арқасында келер жылы бірталай белес бағындырылмақ.

Ринат Бұланбаев – “Якорь құс фабрикасы” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Біріншіден, біздің АӨК-нің өнімділік деңгейі 1,1 млрд теңгеге артады. Экспорт көлемі 25 процентке артады. Тауарымыз Өзбекстан, Ауғаныстан елдеріне сатылады. Жаңа жұмыс орындары құрылады. Тағы, салық 140 млн теңгені құрайтын болады.

Қазіргі күні компания тағы 75 мың басқа шақталған 2 корпус салып жатыр. Олардың да құрылысы үстіміздегі жылы аяқталмақ.

Ринат Бұланбаев – “Якорь құс фабрикасы” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Біз биыл 4-ші корпусты бастадық. Осы жылы желтоқсанда бітіреміз. Құрылыс жұмыстары 90 процентке аяқталды.

2-ші корпустың құрылысы да желтоқсанда аяқталады. Бірақ, келер жылдың ақпанында іске қосылады.

Біраздан кейін жолда болған манағы “Кросс” тауықтарының біркүндік шөжелері жеткізіліп, 9-шы корпусқа кіргізілді. Бұл қанаттылардың өзіндік артықшылығы бар. Біріншіден, олардың өнімділігі жоғары. Яғни, көп жұмыртқа табады. Оның үстіне түрлі ауруларға төзімді әрі денелері ірі. Айта кетейік, бүгінде “Якорь құс фабрикасы” серіктестігі жылына 120 млн дана жұмыртқа өндіреді. Жаңғыртудың арқасында келер жылы көрсеткіш 150 млн-ға жетпек.

Култанов Байболат