Қоғам

Петропавл тұрғыны жұмбақ жағдайларда қаза тапты

Петропавлда қарашаның 2-сі жаға ұстатарлық оқиға орын алды. Қала тұрғыны үйіне бара жатып, шұңқырға құлап, мерт болды. Көшенің қақ ортасындағы алып орды жылу желілерін осымен 5-ші ай жөндеп жатқан компания қазыпты. Қаза тапқан ер азаматтың алып траншеяның ішіне қалай құлап түскені әзірге белгісіз болып отыр.

Саят Ермек – тілші:

– Қаза тапқан азаматтың есімі – Дмитрий Калижников. Жасы оның 35-те болған. Туысқандарының сөзінше, соңғы рет телефон арқылы байланысқа ол сенбі күні, қарашаның 2-сі шыққан. Содан кейін із-түссіз жоғалады. Ал қарашаның 4-і, дүйсенбі күні ол мына жерде, екі құбырдың арасында, жансыз күйінде табылады.

Жас жігіттің орға қалай түсіп кеткені – жұмбақ. Бірақ, жанымды сақтаймын деп, қақпаннан шығуға талпынған көрінеді. Мұны құбырдағы қол іздерінен байқадық. Марқұмның мәйіті шамамен 2 күн жартылай су астында жатқан. Оны жылу желісін жөндеп жатқан компания қызметкерлері байқайды. Байқай сала полицейлерді шақырады. Жұмысынан үйіне қайтып бара жатқан Дмитрий сол қайғылы кеште мас болмаған. Зерттеу барысында оның қанынан алкоголь табылмапты.

Қапайдағы көшелередің бірінде болған оқиға бұл. Дәл сол көше астымен өтетін жылу құбырларын мердігер жаз басталғалы жөндеп келеді. Компания өкілдері “қауіпсіздік ережелерін біз сақтадық”,- деп ақталып отыр.

Юрий Колесников – «Петропавловскспецкоммунстрой» ЖШС бас инженері:

– Сенбі-жексенбі – бізде демалыс. Сондықтан, жұма күні кешке аумақты лентамен қоршап кеттік. Траншеяға ешкім жақындамасын деп, құбырлардан бөгет жасап қойдық. Күзетші де болды.

Қайғылы оқиғаның жұмбағы да сол – траншея көзге ілінбейтін емес, аса үлкен. Оған кездейсоқ құлап түсу, тіпті мүмкін емес дейді бас инженер. Ол-ол ма, көшеде жарық та бар екен. Мұны тұрғындар да айтып отыр.

Валентин Хухлов:

– Сағат 6-ларда, іңір түскенде жарық беріледі көшеге. Бағаналардың бірі шұңқырдың дәл тұсында орналасқан. Сондықтан, орды көрмей қалды дегенге өз басым сенбеймін. Менің ойымша, ол мұнда кездейсоқ құлаған жоқ.

Жігітті біреу өлтіріп, осында лақтырып жіберді ме деген болжам да болған. Алайда, бұл екіталай. Мәйітті зерттеген паталогоанатомдар одан зорлық белгілерін таппаған. Суға тұншығып мерт болды деп қорытынды жасапты мамандар. Ал марқұмның ағасы Максим Калижников “інім аса мейірбан жан болған”,- дейді. Қайғыдан қан жұтса да, азамат туған бауырының өліміне қатысты өз жорамалын айтты.

Максим Калижников – марқұмның ағасы:

– Бұл оның күнделікті үйге баратын жолы. Сол кеште бәлкім ол шұңқыр ішінен ит не мысықтың даусын естіп, оны құтқармақ болған да шығар. Әкем екеуіміздің ойымыз – осы. Бұл әбден мүмкін.

Бірақ, бұл – тек көп болжамдардың бірі ғана дейді Максим. Шындық, әзірге белгісіз.
Оның сөзінше, Дмитрий іргелі компанияда қызмет еткен. Жоғарғы білімі бар, ақкөңіл жігітті тамаша мансап күтіп тұрған. Алайда, тағдыр қатал, өткен бейсенбі оның жансыз денесі жерге тапсырылды. Артында жұбайы қалды. Жақындары марқұмнің өлімінің нақты себебі анықталса деп тілейді.

Максим Калижников – марқұмның ағасы:

 – Бұл оқиға қалай, қандай жағдайларда орын алды? Осыны білгіміз келеді. Құзырлы органдардан істің анық-қанығына жетуді талап етеміз. Сондай-ақ, қауіпсіздікке жауапты, бірақ оны қамтамасыз етпеген компания өкілдері анықталып, жазаланса дейміз.

Оқиғаның егжей-тегжейін енді тергеу анықтайды. Ал бір айдан кейін сот-медициналық сараптаманың нәтижелері дайын болмақ. Бәлкім сонда нақты себеп белгілі болып, кінәлілер жазаланар. Құбырларды жөндеп жатқан компания болса трагедиядан соң қазған шұңқырларын құр лентамен ғана емес, бетон блоктармен қоршап қойған.

 

Саят Ермек