Қоғам

Мектеп оқушылары дебат турнирінде бақ сынасты

Тұжырымды ой, салиқалы пікір айтылған жиын. Петропавлда «Тәуелсіздік – тарихтың төл тартуы» атты дебат турнирі өтті. Шараға өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиылған және елордалық мектеп оқушылары қатысты. Олар жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, әлеуметтік өзекті мәселелерді шешу тақырыптарында сөз жарыстырды.

Шешендік пен ұтқыр ой сыналатын сайыс қалада биыл 4-ші рет өткізіліп отыр. Оған қатысушылардың саны бойынша шектеу жоқ. Пікір таластырып көремін дегендерге есік ашық. Владислав Добош туғанынан бастап жүре алмайды. Жеткіншек – тағдырдың сынағына қарамастан оқуда озат, білімге құштар әрі шығармашылықпен де айналысады.

Владислав Добош – дебатқа қатысушы:

– Дебатқа алғаш рет қатысайын деп жатқандықтан сәл қобалжып тұрмын. Бірақ, жеңемін деген үміттемін. Бүгінгі жарысқа мықтап дайындалдым. Көп кітап оқыдым. Өзім де кітап жазумен айналысамын.

Өз ойын нақты әрі жүйелі жеткізе білетін жеткіншектер әр түрлі тақырыптағы пікірлерін ортаға салып сөз жарыстыруда. Нұр-Сұлтан қаласы мен Тайынша ауданының жастары стриминг жайлы пікірталас жүргізді. Жақтау тобы болып сөз бастаған елордалықтар мектепте стримингті жүзеге асыру керек екендігін айтып, өз ұсыныстарын жасады. Олардың айтуынша үлгерімі жоғары және төмен оқушыларды екі бөлек оқыту қажет. Өйткені, нашар оқитын балаларға жеке уақыт бөлсе, олардың үлгерімдері жақсарады.

Ал Тайынша ауданынан ат терлетіп келген дебатшылар олардың позициясын жоққа шығаруға тырысты. Тапқырлығымен және тез шешім қабылдай білуімен ерекшеленгендердің бірі – Аяна Дүйсенбекова. Бас қаланың намысын қорғаған жас мұндай сайыста алғаш рет бақ сынап жатырмын дейді.

Аяна Дүйсенбекова – дебатқа қатысушы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Қазлига командасынан келіп тұрмын. Бұл менің осы дебат турниріне бірінші рет қатысуым. Осы республикалық жарысқа қатысу мен үшін үлкен дәреже деп білемін. Бүгінгі ойынға өзімізге сенімділікпен келдік.

Додаға 80-нен астам сөзшең жиылған. Олардың барлығы – мектепішілік, аудандық және қалалық жарыстарда топ жарғандар.

Бақытжан Тұрсынов – СҚО «Ұлттық мұра» пікірсайыс орталығының төрағасы:

– Біз турнирді 3 лигада өткіземіз. Яғни қазақ, орыс, және ағылшын тілдерінде. Бұның барлығы еліміздегі өткізіліп жатқан үштұғырлы тіл саясаты сияқты барлық бастамаларды қолдап, соларды оқушылар арасында насихаттауға арналған. Сонымен қатар, біздің турнирде мүмкіндігі шектеулі жандар да өнер көрсету мүмкіндігіне ие болып жатыр. Өйткені, біздің қоғам тең әрі тең құқықты. Мұнда кез келген адам келіп өз ойын білдіре алады.

Жиын соңында жеңімпаздар бағалы сыйлық және дипломдармен марапатталды.

 

 

Бердимурат Баймухан