Денсаулық сақтау

МӘМС жұмысы түсіндірілді

Елімізде келер жылдан медициналық сақтандыру жүйесі жұмысын бастайды. Қазір бұған қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Осы орайда жастар да өз үлесін қосуда. Жергілікті медициналық колледж студенттері мен оқушылар қаладағы ойын-сауық орталықтарының бірінде флешмоб ұйымдастырды.

Қазақстанда 2020 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап медициналық көмек көрсетудің жаңа жүйесі енгізіледі. Қорға аударылатын жарналардың көлемі келесі жылы әр жұмыскердің табысының 2 пайызын құрамақ. Ал оқушылар, зейнеткерлер, жұмыссыздар мен көпбалалы аналарға жеңілдік қарастырылыпты. Яғни, 11 млн-ға жуық тұрғынның жарнасы мемлекет тарапынан төленетін болады. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне жедел жәрдем мен санитарлық авиация қызметі, созылмалы ауруларды емдеу кіреді.

Қарлығаш Ілиясова – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ бөлімінің бас сарапшысы:

– Медициналық әлеуметтік сақтандыру пакетінде қымбат бағалы диагностика КП, МРТ тағы зертханалық зерттеулердің барлығы халыққа тегін болмақ. Ол үшін медициналық сақтандыру қорының қатысушысы болу міндетті.

Сонымен қатар, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде жеке меншік клиникаларда емделуге болады. Ол үшін мекеме міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісім шартқа отыруы тиіс.
Жаңа жүйеге халық назарын аударту үшін медициналық колледж студенттері мен оқушылар «МӘМС – жалпы қамту, болашақ ұрпақ денсаулығының негізі» атты флешмоб ұйымдастырды.

– МӘМС тұрғындар үшін тиімді деп ойлаймын. Себебі, бұл тегін қызмет көрсетеді.

– Тұрғындар енді медициналық көмек алу үшін көп қаржы жұмсамайды. Кез келген азамат толығымен тексерістен өте алады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы толық ақпаратты 1406 нөміріне хабарласып, білуге болады.

 

Актолкын Солтанханкызы