Мәдениет

“Туған жерім – Қазақстаным” атты поэзиялық байқау өтті

YouTube Embed: No video/playlist ID has been supplied

https://youtu.be/1A4ShncDgIs[/youtube

“Туған жерім – Қазақстаным”. Осындай атаумен бүгін Достық үйінде облыстық поэзиялық байқау ұйымдастырылды. Оған өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 13 өнерпаз қатысып, сүйікті ақындарының өлеңдерін оқып берді.

Сахна шымылдығын Ғабит Мүсірепов ауданынан келген Алина Сидоренко ашты. Талапты жас Фариза Оңғарсынованың «Туған жер, туған ауыл қымбат маған» атты өлеңін таңдаған. Себебі, Алина орыс отбасында дүниеге келгенімен, қазақтың ақын қызы жазған шығармаларды сүйіп оқиды әрі оған ұқсауға тырысатын көрінеді.

Алина Сидоренко – байқауға қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Бұл өлеңді туған жер туралы жазылғандықтан таңдадым. Себебі, мен өз Отанымды қатты жақсы көремін. Әрі туындыдағы сөздер қай адамның болмасын жүрегін елжіретпей қоймайды. Мен болашақта Фариза Оңғарсынова сияқты көп адам сүйіп оқитын өлеңдердің авторы атанғым келеді.

Ал Владислав Власенко Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» атты туындысын оқып берді. Оқушы жерлес ақынның 30-ға жуық шығармасын жатқа біледі екен. Сондай-ақ, Абай Құнанбаев және Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін де сүйіп оқитын көрінеді.

Владислав Власенко – байқауға қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Маған Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері ұнайды. Себебі, оның шығармаларындағы ой мен сезім жүрекке жетеді. Өзім де бос уақытым болғанда өлең жазғанды ұнатамын.

Алматылық “Адырна” ұлттық-этнографиялық бірлестігі биыл алғаш рет “Туған жерім -Қазақстаным” атты пилоттық жобаны қолға алып отыр. Оған солтүстік өңірлерде тұратын 14 пен 19 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдері қатысып, қазақ тілінде өлең оқиды.

Арман Әубәкір – «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры, Алматы қаласы:

– “Туған жер” жобасы бойынша “Дәстүрлі өнер орындаушысы”, “Үздік мақала” және “Үздік поэзия” сынды түрлі бағыттарда “Адырна.кз” сайтында онлайн байқау өткіземіз. Кейін жеңімпаздарды Алматыға шақырамыз.

Сол жобаға қосымша ретінде солтүстік өңірлерде өзге ұлт өкілдері арасында осындай байқау өткізсек деп отырмыз.

Жалпы, “Туған жерім-Қазақстаным” атты поэзиялық байқауға өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 13 адам қатысты.

Соңында жеңімпаздарға 30 мың мен 80 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар табыс етіледі.

 

 

Маржан Касымбек