Аптадағы маңызды жаңалықтар

Омбыда өткен ынтымақтастық форумының нәтижелері

Ынтымақтастық форумына қатысып қайтқан солтүстікқазақстандық делегаттар өңіраралық шараның ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалап отыр. Саммиттің өзі аса нәтижелі болды дейді олар. Мәселен, Қазақстан мен Ресейдің аймақтары медицина, білім беру, туризм және кәсіпкерлік сынды салаларда да бірлесе шаруа атқармақшы.

Омбы және Солтүстік Қазақстан облыстары енді медицина саласында бұрынғыдан да тығыз жұмыс жасамақ. Бұл жайлы өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев айтып отыр. Форумға қатысу үшін ол да Омбыға жол тартып, ресейлік әріптесі Дмитрий Вьюшковпен бірқатар келісімге келіпті. Ең басты пункт – тәжірибе алмасу.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқарамасының басшысы:

– Олардың дәрігерлері бізге келіп, сәйкесінше, оқу өткізеді, ал біз өз дәрігерлерімізді оқуға жібереміз.

Форум аясында меморандумға қол қойылмады, алайда құжат көп ұзамай бекітіледі. Сұлтанғазиев мырзаның сөзінше, әріптестіктің тағы бір маңызды бағыты – бұл онкологиялық дерттерді емдеу. Көрші жатқандықтан, қатерлі ісік бойынша ахуал екі өңірде ұқсас екен. Омбы облысында да бұл кесел жиі кездесетін көрінеді.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқарамасының басшысы:

– Оларда әйелдерде сүт безінің обыры, ал еркектерде өкпе обыры жиі кездеседі. Биопсия алынғаннан кейін, сол материалды микроскоп арқылы қарап, қандай обыр бар екенін, оның түрі мен емделу мүмкіндіктерін анықтау. Егер біздің дәрігерлерде қандай обыр түрі екені жөнінде күман туатын болса, сол кезде біз Омбыға жіберетін боламыз.

Форум алаңында тағы әйелдер кәсіпкерлігі мәселесінің де кеңінен талқыланғаны белгілі. Ұйымдастырушылар бұл тақырыпқа білдей бір сессия арнаған. Гендерлік теңсіздік жоқ, ер азаматтар мен әйелдерге кәсіп ашуда бірдей жағдай жасалған. Алайда, Ресейде де, Қазақстанда да бизнесвумендердің үлесі әлі де аздау. Бұған не себеп? Нәзікжандыларда банкрот болу қорқынышы ерлерге қарағанда басымырақ дейді Бақытжан Сәмиева. Бұл мәселені ол форум мінберінен көтерген.

Бақытжан Сәмиева – СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:

– Негізі, әйелдерге кәсіп ашуда еш кедергі жоқ, керісінше қолдау тетіктері көп. Былайша айтқанда, біз – өзімізге өзіміз кедергіміз. Әйелдер қолда бардан айырылып қаламын ба деп үрейленеді. Біз ұзақ уақыт ойланып барып қана шешім қабылдаймыз. Ал ер азаматтар ше? Олар ойланбастан тәуекелге барады, кәсіпті қорықпай аша салады. Сондықтан да олардың бизнестегі үлесі жоғары.

Бақытжан ханымның бұл ойы Ресейлік БАҚ-ның да, көрші елдің іскер нәзікжандыларының да қызығушылығын тудырған көрінеді. Сондай-ақ, оның пікірінше, Ресейге қарағанда Қазақстан бизнесмендерге көбірек қолдау көрсетеді екен. Алайда, көрші ел жуырда әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заңды бекітіпті. Мұндай заң бізге де керек деп санайды делегат.

 

 

Саят Ермек