Құқық қорғау органдары

Ана мен баланы өлтірді деген күдіктіге қатысты сот отырысы өтті

Бүгін Петропавлда анасы мен 3 жасар қызын аяусыз өлтірді деген күдіктіге қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Игорь Дементьев үстіміздегі жылдың тамыз айында Мамлют ауданының қос тұрғынын ұрған, кейін бірнеше жерден пышақтаған.

7-тамыз. Сағат түнгі 1-лер шамасы. Дәл осы уақытта Мамлютка қаласында қайғылы жағдай орын алды. Мұнда ана мен 3 жастағы бала аяусыздықпен өлтірілді. Оларға бәз біреу бірнеше жерден пышақ жарақатын салған.

Қайрат Ермекбай – прокурор:

– Ана мен баланың пышақ жарақатынан қаза тапқандығы анықталып отыр. Сараптама көрсеткендей, суық қару марқұмдардың басы мен денесіне бағытталған. Қазір осы іске қатысы бар деген күдікпен Игорь Дементьев айыпталып отыр. Ол сол күні түнде қаза тапқан Амангүл Дүйсекинамен бір үйде болады. Ішімдік ішкен жігіт пен келіншектің арасында жанжал туындайды.

Ұрыстың арты төбелеске ұласады. Мас күйдегі ер адам бірден қолына ағаш алып, әйелді ұра бастайды. Басы мен денесінен қатты соққы алған нәзікжанды есінен танып қалады. Кейін күдікті оқиға орнында болған 3 жасар қызға тап береді. Оны да дәл солай ұрып тастайды. Бұдан соң ер адам үстел үстінде тұрған пышақты алыпты. Ол есін жия бастаған ана мен қызына осы қарумен бірнеше рет соққы жасаған. Әйел мен бала дәл сол жерде көз жұмады.

Бірақ, тағылған айыпты күдікті мойындамай отыр. Сотталушының айтуынша бұл іске оның еш қатысы жоқ. Прокурорлардың айтуынша қылмысқа байланысты оны дәлелдеуге болатын бірнеше айғақтар бар екен. Ер адам сол күні таңертең қаза болғандардың құлағындағы сырғасы мен Амангүл Дүйсекинаға тиесілі банк картасын ұрлап кетіпті. Сот отырысына қаза болған әйелдің ағасы мен куәгерлер келген. Бұл кісілер қайғылы оқиғадан кейін көрген-білгендерін айтып жатыр.

Алексей Волков – куәгер:

– Мен Игорь Дементьевті ортақ таныстарым арқылы ғана танимын. Ол тамыз айының 7-сі күні таңғы сағат 10-дар шамасында маған келіп бірнеше сырға мен банк картасын берді. Және заттарды ломбардқа тапсыруымды сұрады. Сондай-ақ, банк картасынан ақша шешіп алу керектігімді айтты. Кейін қолға түскен ақшаға ішімдік пен есірткілік заттар алып, Петропавлдағы жалдамалы пәтерге бардық. Сол күні біраз көңіл көтердік. Келесі күні таңғы сағат 5-6 кезде менің денсаулық жағдайым нашарлады. Сосын такси шақырып үйке кеттім. Одан кейін онымен кездеспедім.

Қанды оқиға қатысты бұл алғашқы сот отырысы. Бүгін шақырылған куәгерлердің барлығы бірдей келмеген. Олардың сөздері келесі сот отырысында тыңдалатын болады.

 

Бердимурат Баймухан