Өнеркәсіп

Кондитерлік цех 80-нен астам өнім түрін шығарады

Мемлекеттік қолдаудың көмегімен бизнес ашқан жан. Петропавлдық кәсіпкер Әлия Қалибасова үстіміздегі жылдың көктемінде “ДАМУ” қорына жүгініп, 12 жарым млн теңге рәсімдеген. Бұл қаржыға нәзікжанды тәтті-дәмді әзірленетін цех ашыпты.

Мұнда тәтті өнімдердің 80-нен аса түрі әзірленеді. Соның ішінде, әсіресе «Рафаэлка» деп аталатынына сұраныс аса көп. Өндіріс ошағында кондитер болып жұмыс істейтін Оксана Майданованың айтуынша бұл печеньенің дайындалуы қарапайым екен.

Оксана Майданова – «Сұлтан» ЖК кондитері:

– Мен қазір «Рафаэлка» деп аталатын кәдімгі үгілмелі печенье жасап жатырмын. Алдымен қант қосылған ұнды жақсылап илеп, осындай пішінмен құямыз. Кейін оны пешке салып, 15 минуттай ұстау керек. Піскен соң үстіне балқаймақ пен сироп жағамыз және кокос ұнтағын себеміз. Тұтынушылар дәл осыған көп тапсырыс береді.

Міне, жартылай дайын қоспаны осылай пешке кіргізеді. Ол пісіп шыққан соң шоколад, балқаймақ, жеміс сиробы сияқты түрлі дәмді сұйықтық жағылады. Енді, дайын өнімді қорапқа салып, діттеген жеріне жеткізу ғана қалды. Қораптағы тәттілерді мынадай термошөгімді аппараттың көмегімен орайды.

«Сұлтанға арналған тәттілер» деп аталатын кондитерлік цех биыл көктемде ашылған. Өндіріс басшысы Әсел Қалибасованың айтуынша бизнесті бастауға «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры септігін тигізіпті.

Әсел Қалибасова – «Сұлтан» ЖК басшысы:

– Мен анаммен бірге 20 жылдан бері саудамен айналысып келемін. Біз азық-түлік өнімдерін сатамыз. Жұмыс барысында, әсіресе печенье өнімдеріне деген сұраныстың жоғары екенін байқадық. Кейін осындай тәттілерді неге өзім өндірмеске деген ой келді. Сол себепті, «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 12,5 млн теңге несие алып, жеке цех ашуға бел будым.

Кондитерлік өнімге қажетті шикізат түрлерін мұндағылар ел ішінен бөлек Ресейден де әкеледі. Ең бастысы бұл жерде дайындалатын тәттілер химиясыз, табиғи таза өнімнен жасалады екен. Қазір жеке кәсіпкерлік айына 10 тоннаға дейін өнім шығаруда. Сонымен қатар, мұнда 8 адам жұмыспен қамтылған.

Әсел Қалибасова – «Сұлтан» ЖК басшысы:

– Біз өз тауарымызды өңірімізден бөлек, Көкшетау және Нұр-Сұлтан қалаларына да жөнелтіп тұрамыз. Қазір өнімге тапсырыс күн санап артып келеді. Алдағы уақытта мемлекеттің қолдауына жүгініп, өндіріс көлемін кеңейту ойымызда бар.

Дастарханның сәнін келтіретін тәтті өнімнің келісі 400 теңге мен 800 теңге аралығында сатылып жатыр. Өндіріс ошағында дайындалған печеньелерді қаладағы дүкен сөрелерінен кездестіруге болады.

Бердимурат Баймухан