Қоғам

Өңірдегі “Жасыл ел” жасағының жастары үздік атанды

Жуырда республикалық “Жасыл ел” жасағының сарбаздары 15-ші еңбек маусымын қорытындылады. Салтанатты жиын барысында жерлестеріміз  іс-шараларды жиі ұйымдастыратын жастар ретінде танылып, “Ең үздік штаб” номинациясын иеленіп қайтты.

«Жасыл ел» жасағының сарбаздары өңірді абаттандыруға мол үлес қосады. Олар жылда жасыл желекті күтіп-баптап, ағаштар мен гүлдерді суарады. Көгалдар мен көше бойындағы саябақтарды арам шөптен тазалап, елді мекендер мен ормандардың ішін қоқыстан арылтады. Одан бөлек еңбекқор жастар көмекке мұқтаж егде жастағы адамдарға жәрдем береді.
Аяна Хакимова белсенділердің қатарына небәрі 6 ай бұрын қосылған екен. Нәзікжанды бүгінге дейін көптеген шараларға ат салысып үлгеріпті.

Аяна Хакимова – “Жасыл ел” еңбек жасағының сарбазы:

– Осы жылғы еңбек маусымында “Қамқорлық” атты айлық өтті. Осы акция қарсаңында еріктілер болып, қарттардың үйлеріне барып, баспаналарын жинауға көмектестік. Бау-бақшаларында жұмыс жасадық. Маған мұнда ұнайды. Себебі, мен жазғы уақытымды пайдалы іс істеумен өткіземін.

Биыл “Жасыл ел” жасағы 15-ші еңбек маусымын жапты. Осыған орай жуырда еліміздің түкпір-түкпірінен келген сарбаздар Павлодар қаласында жиын өткізген. Онда жыл басынан бері атқарылған жұмыстар қорытындыланыпты. Нәтижесінде жерлестеріміз жиі іс-шара ұйымдастыратын жастар ретінде танылып, “Ең үздік штаб” номинациясын иеленіп қайтқан.

Әділ Бейсембаев – “Жасыл ел” еңбек жасағы облыстық штаб басшысының орынбасары:

– “Ең үздік штаб” атағына қол жеткізу оңайға соққан жоқ. Біз биыл облыс аумағында 7 мыңнан астам ағаш отырғыздық. 1242 гектар жерге абаттандыру жұмыстарын жүргіздік. Жергілікті ұжым басқа өңірдің жастарына қарағанда көп еңбек етті. Нәтижесінде мынадай марапатқа ие болдық.

Ал Дмитрий Пиневский “Жасыл ел”-дің “Ең үздік сарбазы” атағын иеленген. Талапты жігіт еңбекқор жастардың қатарына 2 жыл бұрын қосылыпты. Осы аралықта игі шарадан бірде-бір рет қалыс қалмаған. Әрі үнемі тың бастамалар ұсынып, қатарластарын адал қызмет етуге шақырып жүреді.

Дмитрий Пиневский – “Жасыл ел” еңбек жасағының сарбазы:

– Мен штабымыздың Инстаграм парақшасына біз туралы бейнероликтерді жиі жүктеймін. Өңірімізде ұйымдастырылатын қайырымдылық шараларына қатысып, өз үлесімді қосуға тырысамын. Одан бөлек, көмекке мұқтаж жандарды іздеп тауып, олардың үйіне сарбаздарды ертіп апарамын. Еңбегімнің еленгеніне өте қуаныштымын.

“Жасыл ел” жасағының қатарында өңірде биыл 600-ден астам адам еңбек еткен. Сарбаздар мүгедектер мен қарияларға қол ұшын созу мақсатында осы жылғы маусымдарын қарашаның соңына дейін жалғастыруды көздеп отыр.

Маржан Қасымбек