Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бұлақ ауылындағы экологиялық жағдай

Қазанның соңында Есіл ауданындағы Бұлақ ауылының тұрғындары елді мекендегі экологиялық жағдай нашар деген мәлімдеме жасады. Олар алтын өндіруші компанияның кесірінен радиация таралып, тұрғындар ауырып, жазым болып жатыр деп дабыл қағуда. Лезде бұл жаңалық отандық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таралып, үлкен резонанс тудырды. Ал кеше құзырлы басқарма басшылары журналистерге селодағы жағдайды баяндады.

Қазанның 31-і өткен Петропавлдағы қоғамдық қабылдау. Бұлақтағы мүшкіл жағдайды аймақ басшысына Болат Бейсенбаев есімді азамат баяндап берген еді. Бұлақ – ауру мен өлім-жітім жайлаған жерге айналды деп ашынды ол. Бәріне ауылдан 1,5 шақырым жерде алтын өндіретін “Әулие Голд Майнинг”-ті кінәлады, тексеруді сұрады.

Бұлақ тұрғындары соңғы үш жылда 30 ауылдасымыз көз жұмды деп дабыл қағуда. Арасында өрімдей жастар да бар деседі.
Статистиканы көтерген теріскейлік денсаулық сақтау басқармасы журналистердің алдына кеше ресми мәліметтерді жайып салды. Айтулары сол – ауылда қатерлі ісік бойынша жағдай қалыпты.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Өткен 10 айда Бұлақ ауылында 5 адам қайтыс болған. Онкологиялық аурулардан жан тапсырғандардың саны – 2-еу. Бірі – бүйректің, тағы бірі бауырдың қатерлі ісігінен көз жұмған. Екі азамат та облыстық диспансерде есепте тұрған, ал қалған үшеуінің өліміне созылмалы аурулар себеп. Өмірден озғандардың орташа жасы 71-ді құрайды.

Экологиялық жағдай да қалыпты деп сендірді облыстың бас санитары Серікбай Қасмақасов мырза.

Серікбай Қасмақасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

– Судан радиация бойынша қауіпті жағдай жоқ, бәрі дұрыс. Бұл- соңғы зерттеу нәтижелері.

Ауыз су ғана емес, ауада да химиялық заттардың мөлшері нормадан аспаған. Ал “Әулие Голд Майнинг” аумағында жүргізілген 330 бақылау да, былайша айтқанда, “алаңдауға себеп жоқ” деген нәтиже беріпті.
Десе де, мәселенің анық-қанығына жету керек. Қазір не шаруа атқарылып жатыр? Облыс әкімінің тапсырмасымен қарашаның 4-і күні Бұлақтағы 5 қоғамдық құдықтан су сынамасы алыныпты. Зерттеу нәтижелері келесі аптада дайын болуы тиіс. Күту керек. Облыс әкімнің алдына барған Болат Бейсенбаев мырзамен біз телефон арқылы сөйлестік. “Себеп болмаса, қатардағы халық байбалам сала ма?” дейді ол. Сөзінше, өлім-жітім артқандықтан, жерлестердің көбі қорқып, көшіп кетіп жатыр. Алтын өндіретін компанияға еш қарсылығымыз жоқ, тек елді мекеннің болашағы мен денсаулығына алаңдаулымыз дейді.

Болат Бейсенбаев:

– Бұрын соңды мұндай өлім көбеймеген. Көптеген отандық телеарналар келді, қайсысы келмесе де, халықтың қолына қағаз беріп, үйретіп айттырған жоқ ешкім. Жайдан-жай жел болмаса шөптің басы қимылдамайды ғой. Кейбіреуі көре алмай жатыр, алтын алғанды көре алмай жатыр деп. Елде ешкім ақша сұрап отырған жоқ. Ендігі жылы, бұйырса, қайтадан родон сияқты күрделі тексерістер мен зерттеулерді жүргізуге тырысамыз, халықтың өзі қаражат жинайтын шығар.

Саят Ермек – тілші:

– Негізі, 2015-те бұлақтықтар сонау Алматыға барып сараптама жасаттық, улы заттардың көлемі нормадан асып түсті деп отыр. Бірақ, анализ қорытындысы жазылған құжат қолдарында жоқ екен. Резонансты оқиғаның барысы алдағы уақытта біздің арнаның ұдайы бақылауында болмақ.

Саят Ермек