Қоғам

Ардагерлер тәжірибелерімен бөлісті

Ардагерлермен кездесу! Бүгін солтүстікқазақстандық мемлекеттік қызметшілер аға буын өкілдерімен жүздесті. Қаламыздағы Оқушылар сарайында ұйымдастырылған жиынға 100-ге жуық адам қатысты. Шара барысында алдыңғы толқын өкілдері сөз алып, мол тәжірибелерімен бөлісті, жастарға өздерінің ақыл-кеңестерін берді.

Әдетте мына залға педагогтар, оқушылар жиылатын. Олар білім саласы төңірегінде әңгіме қозғайтын. Оны көріп, естіп жүрміз. Ал бүгін аудиторияда мемлекеттік қызметшілер бас қосып отыр. Мамандарға қарама-қарсы бетте облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері жайғасқан. Микрофон – осы кісілерде. Көпті көрген, өмірлік тәжірибелері бай жандар жастарға өздерінің білген-түйгендерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін беріп жатыр.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Барлық мемлекеттік органдардың жас қызметкерлерін шақырдық. Оларға үлгі алатын адамдарды көрсетейін деп едік. Салт-дәстүр, отансүйгіштік сезімді арттыру мақсатында осындай ауқымды шараларды біз жалғастырамыз.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жангелді Тәжиннің жас мамандармен бөлісері көп. Себебі, азаматтың жалпы еңбек өтілі 50 жылдан асады. Соның 20 жылға жуығын мемлекеттік қызметке арнаған екен. Жерлесіміз адал қызмет ету, жаман әдеттерден ада болу қажеттігін қазақ халқы ежелден айтып келе жатыр дейді. Мұны ата-бабамыз мақалмен кейінгі буын өкілдеріне жеткізген екен. Жиын барысында Жангелді Уақпанұлы осындай қанатты сөздерге тоқталып, мән-мағынасын жиналғандарға түсіндіріп берді.

Жангелді Тәжин – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– “Ұлық болсаң, кішік бол” деген сөздің мағынасы қандай терең? Ұлық болған адам халыққа қызмет етуші екендігін ұмытып кетпеуі қажет. Кішік болып, адамды тыңдай білу, оның мұң-мұқтажына құлақ асып, сонымен бірге жұмыс істеп, көмек көрсете алатын мемлекеттік қызметкерді көргіміз келеді.

Жангелді Тәжиннің мемлекеттік қызметте жүрген жандарға айтар тілегі де бар. Азамат артынан ерген ізбасарларын ерінбек еңбек етуге, халыққа жақын болуға шақырды.

Жангелді Тәжин – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Көптің бірі болу оңай. Елдің алдына шығып, мұң-мұқтажын білу – асылдың қасиеті. Осыны айтар едім жастарға. Талаптаныңдар! Мемлекеттік қызмет – сендердің міндеттерің.

Жиында сыбайлас жемқорлықпен күрес жайлы да сөз болды. Қазіргі күні қоғамда бармақ басты, көз қыстылық оқиғалары орын алып тұрады. Ол жасырын емес, шындық. Аға буын өкілдері парақорлық еліміздің дамуына кері әсерін тигізіп жатыр деген пікірде. “Сондықтан, қоғамдық дертпен барлығымыз бірлесе күресу керек, оны түп-тамырымен жою қажет дейді”, – сөз алғандар. Үлкендердің айтқанын Максим Сизов мұқият тыңдап отыр. Ол қалалық әкімдікте жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметте жүргеніне 1 жарым жыл болыпты.

Максим Сизов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Осыдан 1 жарым жыл бұрын М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ін “Электроэнергетика” мамандығы бойынша тәмамдадым. Кейін, қалалық әкімдікке жұмысқа тұрдым. Бүгінгі жиынның берері мол. Спикерлер өздерінің өмір жолдарын баяндап, құнды тәжірибелерімен бөлісуде. Мұндай кездесулер біз сияқты жастарды білімді де, білікті мемлекеттік қызметші болуға баулиды. Жиі ұйымдастырылып тұрғанын қалаймыз.

Ал, Гүлмайра Даниярова болса студент. Бүгінде ол Гуманитарлық-техникалық колледжде оқиды. Енді бірер жылдан соң бухгалтер атанбақ. Бойжеткен осындай жүздесулер білікті мемлекеттік қызметші болуға өз септігін тигізеді дейді.

Гүлмайра Даниярова – Гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:

– Мен қазіргі таңда студентпін. Болашақта мемлекеттік қызметке тұрғым келеді. 01:59 Жиын қызық өтуде. Ардагерлер білген-түйгендерімен бөлісуде. 03:40 Ардагерлер жемқорлық жайлы да айтты. Біз жастар жемқорлықтың зиян екенін білеміз.

Жалпы, аға буын өкілдерімен өткізілген кездесуге 100-жуық мемлекеттік қызметші мен жас қатысты.

Байболат  Култанов