Білім

Университет қабырғасында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

«Ұлы даланың жеті қыры – болашаққа бағдар»! Бүгін дәл осындай атаумен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиында өңірімізге белгілі ғалымдар, өлкетанушылар, жазушылар мен жастар жағы сөз алып, ел қорғаған батырларға, тарихи орындарға жіті тоқталды. Әрі тың деректермен бөлісті.

2018 жылдың 21-ші қарашасында Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялады. Мұнда Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының тарихына терең үңілді. Яғни, түрлі кезеңдерге жіті тоқталып, өз ойын қағаз бетіне түсірді. Осы еңбегі арқылы Тұңғыш Президент өткенімізді ұмытпай, ұлықтауға шақырды. Бұл бағыттағы жұмыстар Солтүстік Қазақстан облысында нәтижелі түрде жүргізіліп жатыр. Оны сеніммен айта аламыз. Бүгінгі күні бізге ел қорғаған батырлардың есімдері, олардың ерлік істері мәлім. Тарихи ескерткіштер жайлы да мәліметтер баршылық. Мұндай маңызды деректер кейінгі буын өкілдерін отансүйгіштікке тәрбиелейтіндігі сөзсіз.

Ақмарал Ыбыраева – “М.Қозыбаев атындағы СҚУ” КЕ АҚ проректоры:

– Құлсары, Абылай хан, Қожаберген жырау. Бұл кісілер тарихта қалған. Олардың өзіндік қасиеттері бар. Бұл тұлғалар біздерге өте үлкен тәрбие береді. Өздерінің ісімен, нақыл сөздерімен.

Тарихта қалған тұлғалар жайлы жиі айтылуы қажет және олардың өмір жолы үнемі зерттелуі тиіс. Арамызда мұндай іспен айналысып жүрген жандар баршылық. Солардың бірі – Сансызбай Жұмабеков. Өлкетанушы Қарауылдан шыққан Әндіқожа, Бәубек және Жансүгір сынды батырларды ұзақ жылдар зерттепті. Нәтижесінде біраз деректермен таныс болған екен. Бүгін соны конференция қатысушыларына айтып бермек.

Сансызбай Жұмабеков – өлкетанушы, Аққайың ауданы:

– Бәубек Абылайдың заманында үлкен батыр болған. Ол біздің өңірдің атынан құрылтайларға қатысып отырған.

Зерттеу жұмыстары кезінде Сансызбай Жұмабеков Жансүгірдің 5 бірдей ерекше қасиетіне көз жеткізіпті. Батыр тапқыр қолбасшы, көріпкел және емші болған екен. Әрі алып күштің иесі де болыпты. Оны мына оқиға дәлелдейді.

Сансызбай Жұмабеков – өлкетанушы, Аққайың ауданы:

–  Бір байдың адамға шабатын қара бурасы болыпты. Ол адамдарды өткізбепті. Міне, соны Жансүгір күміс шақшасымен бір ұрып, өлтіріп тастайды.

Жалпы, университет қабырғасында ұйымдастырылған «Ұлы даланың жеті қыры – болашаққа бағдар» аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференциясында бірнеше адам сөз алды. Олар Абылай хан, Құлсары, Шал ақын, Қорқын ата сынды тұлғалардың өміріне тоқталды, тарихи ескерткіштер жайлы сөз қозғады.

Байболат Култанов