Қоғам

Сәлімхан Сәбитовтің жобасы республикалық байқауда жүлдеге ие болды

Сәлімхан Сәбитовтің бастамасымен ашылған “Равная дорога” автомектебін биыл 17 түлек аяқтаған. Оның 5-уі – мүмкіндігі шектеулі жан. Қоғам арасында аталған әлеуметтік жобаның маңыздылығы жиі айтылады.

Мүгедектерге арналған автомектеп ашу туралы ой Сәлімхан Сәбитовке студенттік шағында келген екен. Сол кезде бозбала қатарластары сияқты темір тұлпар жүргізгісі келіпті. Бүгінде қайсар азамат өзінің де, өзгенің де арманын орындап отыр.

Сәлімхан Сәбитов, «Равная дорога» ЖШС автомектебінің директоры:

– Бүгінгі күні бұл жобаның нәтижесі үлкен. Қазір біздің мектебімізді аяқтаған 17 түлек бар. Оның 5-уі мүмкіндігі шектеулі жан болғанымен 2-уі қазіргі күні емтихандарын тапсырып, өздеріне автокөлік сатып алған болатын.

Осы автомектептің алғашқы түлектерінің бірі – Екатерина Манюшко. Ол – 3-ші топтағы мүгедек. Екатеринаға машинаны басқару үшін арнайы қондырғы қажет емес екен. Сол себепті, автомектепте алған білімінің арқасында медициналық комиссия мен емтиханнан қайта өтіп, “В” категориясындағы жүргізуші куәлігін қайта рәсімдеген.

Екатерина Манюшко автомектептің түлегі:

– Жүргізуші куәлігіне ие болған соң 1 айдан кейін көлік сатып алдым. Қазір мен қалада ешқандай кедергісіз жүре аламын. Қолымнан келмейді деген үрей де жоқ. Өзгелер сияқты машина жүргізе алатыныма қуаныштымын.

Авторлық жобасын жүзеге асырарда Сәлімхан Сәбитовке алматылық “Металл Групп” компаниясы қолдау көрсетіп, 2 млн теңге қаражат бөлген екен. Бұл сомаға су жаңа “Лада Гранта” автокөлігі сатып алынып, Челябі қаласында мүгедек адамдарға ыңғайланып өзгертіліпті. Бүгінде бұл бастама қоғам тарапынан жоғары бағалануда. Жуырда елордада өткен 7-ші республикалық “Қазақстандағы үздік әлеуметтік жобалар” байқауында Сәлімханның автомектебі жүлдеге ие болды.

Сәлімхан Сәбитов, «Равная дорога» ЖШС автомектебінің директоры:

– Қарашаның 1-і күні Нұр-Сұлтан қаласында республикалық байқаудың 3-ші кезеңі өтті. Осы сында біз 3-орынға ие болдық. Мен өте қуаныштымын.

Сәлімханға байқаудың марапаттау кезеңінде алғыс хат пен 500 мың теңге көлемінде сертификат беріліпті. Автомектеп жетекшісінің алға қойған жоспары ауқымды.
Ол бұл бастаманы енді Көкшетау мен Нұр-Сұлтан қалаларында қолға алуды көздеп отыр.

Актолкын Солтанханкызы