МТРА жаңалықтары

Петропавл халықаралық әуежайында “Ашық аспан” режимі енгізілді

Қарашаның 1-нен бастап Қазақстанның 11 әуежайында «ашық аспан» режимі енгізілді. Бұл тізімде Петропавлда бар. Мұндай тың жүйенің арқасында елімізге халықаралық бағыттар ашылады, әуе кемелері арқылы қатынайтын жолаушылар саны артады. Оның үстіне ұшақ билеттерінің құны да арзандайды.

“Әуе еркіндігінің” артықшылығы сол – шетелдік авикомпаниялардың ұшақтары отандық әуежайларға енді еш кедергісіз қона алады. Бұл нені білдіреді?! Мамандардан сұрап көрдік.

Саид Баймұрзаев – «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ директорының орынбасары:

– Өзге мемлекеттердің әуе тасымалдаушылары Қазақстан қалалары арқылы басқа, яғни үшінші елдердің шаһарларына еркін ұша алады. Рейстердің санына ешқандай шектеу жоқ.

Жаңа жүйеге толығымен көшпес бұрын, ол сыналатын болады. Сол себепті, “Ашық аспан” режимі әзірге тек 3 жылға енгізілді. Дегенмен, оны ұзартуға мүмкіндік бар. Әуе еркіндігі бізге не береді? Ең алдымен, Қазақстан шетелдік тасымалдаушыларды тарту мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, жаңа халықаралық бағыттар ашылып, авиакомпаниялар арасындағы бәсекелестік арта түспек. Авиабилеттердің бағасы да арзандап, ұшақпен діттеген жерге жету қатардағы қазақстандықтар үшін қолжетімді болады. Жалпы, шетелдік әуе кемелері Қазақстанның 11 шаһар арқылы қатынай алмақ. Тізімде Петропавл да бар.

Саид Баймұрзаев – «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ директорының орынбасары:

– Ашық аспан” режимі ең алдымен бұқара үшін тиімді. Біздің өңірге келетін болсақ, бағыттар әзірге әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта, шетелдік авикомпаниялармен келіссөздер жүргізіп, оларды Петропавлға тартамыз.

Жаңа бағыттардың тізімін жергілікті туристік компаниялар асыға күтуде. Сөздерінше, солтүстікқазақстандықтардың арасында Түркия мен Германияға сұраныс жоғары, алайда бұл елдерге бізден әуе кемелері ұшпайды. Сол себепті, осы бағыттарға тікелей рейстер ашылса жақсы болар еді дейді, Наталья Хроменко.

Наталья Хроменко – туристік агенттіктің директоры:

– Жаңа жүйе туризмнің дамуына серпін бермек. Әзірге, Петропавл халықаралық әуежайынан Мысырдың Шарм-Эль-Шейхіне ғана тура рейс бар. Жақында жұртшылықтың таңдау жасау мүмкіндігі арта түседі. Өйткені шетелге қатынайтын рейстердің саны көбеймек. Ал билеттер бағасының арзандайтындығын ескерсек, Петропавлдан ұшақтар әуеге жартылай бос көтерілмейді деп сеніммен айта аламын.

Шарм-Эль-Шейх бағыты бұған айқын дәлел. Бүгінге дейін біздің әуежайдан Мысырға үш мыңнан астам адам ұшқан екен. Алдағы жылы да аталған рейс өз жұмысын жалғастырмақ.

Ешкенова Дана