Спорт

Палуандар жеке жаттығу базасына ие болды

Былтыр облысымызда «Қызылжар арландары» атты қазақ күресі спорт клубы құрылған болатын. Ұйымға солтүстікқазақстандық 20-дан аса палуан мүшелік етеді. Олар қазіргі күні республикалық және халықаралық додаларда өңір намысын абыроймен қорғап жүр. Бүгін бұл жандар жеке жаттығу базасына ие болды.

Жеңіс үздіксіз жаттығу арқылы келеді. Ендеше спортшыларға қолайлы жағдай жасалуы керек. Бұған дейін өлкеміздің белді палуандары үшін арнайы жаттығатын орын болмаған еді. Бүгін оларға бөлек спорттық база беріліп отыр. Өңіріміздің болашақ Қажымұқандары енді осы жерде шынығатын болады.

Дамир Бекбосынов – «Қызылжар арландары» қазақ күресі спорт клубының жаттықтырушысы:

– Басшылықтың үлкен қолдауымен осындай база беріліп отыр. Көлемі 300 шаршы метрді құрайды. Бізге сенім білдіріп жағдап жасалып жатқаны үшін ризамыз. Қазір Қызылорда қаласында өтетін ел чемпионатына дайындық өтіп жатыр.

Спорттың базаның маңында жатақхана бар. Оның ішінде ас үй, киім жуатын бөлме және 23 жатын орын қарастырылған. Қазақ күресінің дамуына үлес қосып жүргендердің бірі Алтынбек Аусағитов мұндай жасалған мүмкіндікке дән риза.

Алтынбек Аусағитов – «Қызылжар арландары» қазақ күресі спорт клубының мүшесі:

– Осыған дейін «Шаңырақ» спорт мектебінде жаттығатынмын. Ол жердегі зал тарлау болды. Қазір осы жерге көшіп келіп, жатақханада тұрып жатырмын. Спортзалға жақын. Бұрынғыдай барып-келуге көп уақыт кетпейді. Өте қолайлы.

Сондай-ақ, мұнда «Күрес» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері келіп, тәжірибелі балуандармен кездесіп тұрады екен. Жігіттер өздерінің ізбасарларына шеберлік сағаттарын өткізіп, ақыл-кеңестерімен бөліседі екен. Бүгін мұнда Аян Төсекбай да келген. Жеткіншек жуырда Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Жас Барыс» республикалық чемпионатында жүлделі орыннан көрініпті.

Аян Төсекбай – «Күрес» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі:

– Менің күреспен айналысқаныма 5 жыл болды. Нұр-Сұлтан қаласында өткен жарыста 3-ші орынды жеңіп алдым. Қарсыластар мықты болды. Жеңуге бар күшімді салдым.

Жалпы, «Қызылжар арландары» қазақ күресі спорт клубы осыдан бір жыл бұрын құрылған болатын. Ұйымның құрамында өңіріміздің 20-дан аса үздік палуаны жаттығады.

Бердімұрат Баймұқан