Қоғам

Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылады

Елімізде әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылады. Тың жүйе 2020 жылдың 1-ші қаңтарында жұмысын бастамақ. Оның көмегімен мүмкіндігі шектеулі жандар үйден шыққпай-ақ техникалық оңалту құралдарының 24 түріне тапсырыс беретін болады. Және әр түрлі қызметтерге электронды форматта қолжеткізеді.

Қазіргі күні мүмкіндігі шектеулі жандар өздеріне қажет кейбір дүниелерге мемлекеттік сатып алу арқылы қол жеткізеді. Бұл ретте жарымжан адамдар көмек алу үшін жергілікті билік өкілдеріне жүгінеді. Мұндай шаруа ұзаққа созылады екен. Мысалы, 1 арбаны алу үшін жарты жылдан 8 айға дейін уақыт кететін көрінеді. Осы орайда айта кетейік, алдағы уақытта өзекті мәселе түпкілікті шешілетін болады.

Алмаз Қошманов – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

– 2020 жылдың 1-ші қаңтарында елімізде әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылады. Осы жаңашылдық арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар техникалық оңалту құралдарының 24 түріне электронды түрде тапсырыс беріп, 2 аптаның ішінде қол жеткізетін болады. Яғни, мемлекеттік сатып алу жарияланбайды, іске жергілікті билік өкілдері араласпайды. Барлығы интернет арқылы жүзеге асады.

Оған қоса портал арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар әлеуметтік қызметкерлердің көмегіне жүгіне және санаторлық-курорттық емделуге жолдама алады. Мұндай жаңашылдық жемқорлық фактілерін болдырмауға өз септігін тигізбек.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Келесі жылы іске қосылатын порталдың маңызы зор. Ол жемқорлықты болдырмайды. Яғни, жұмыстың барлығы мүмкіндігі шектеулі жан мен сатушы арасында тікелей жүргізілетіндіктен бармақ басты, көз қыстылық фактілерінің алдын алады. Оның үстіне барлық адамға бірдей жағдай жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, лауазымды адамның туысы шипажайға барды, ал танысы жоқ тұрғын бармай қалды деген оқиға орын алмайды.

Бүгінгі күні әлеуметтік қызметтер порталы Ақтөбе облысында сыналып жатыр. Ал келесі жылы еліміздің барлық өңірінде іске қосылмақ. Жаңашылдық болашақта тұрғындарға мобильдік қосымша ретінде де қолжетімді болады. Айта кеткен жөн, бүгінде СҚО-да 27 мыңнан аса жарымжан адам тұрады.

Култанов Байболат