Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ботаникалық бақ жөнделіп жатыр

Петропавлдағы әйгілі ботаникалық бақ жөнделіп жатыр, ал жуық арада шаһарда сабын фабрикасы іске қосылмақ. Бұл облыс орталығында орын алып жатқан оң өзгерістердің бір парасы ғана. Сондай-ақ, қалада бірнеше спорт нысаны /жаңадан/ салынып жатса, кейбірі қалыпқа келтірілуде. Аймақ башысы жөндеу жүріп жатқан ғимараттарды аралап, шаруа барысымен танысты.

«Green Park» демалыс базасында көп ұзамай мейрамхана ашылмақ. Өңір жетекшісі аралаған алғашқы нысан – осы. 2 қабатты ғимарат экостильде ағаш бөренелерден салынған. Сыртқы әрлеу тәмамдалуға шақ, ал іштегі жұмыстар жаңа басталып жатыр. 1-ші қабатта – мейрамхана мен қысқы бақ, ал екіншісінде тойхана орналасапақ.

Максим КАЛИНИН, «Green Park» отбасылық парк-отелінің бас директоры:

– Мейрамхананың аумағы үлкен – 2 мың шаршы метр. Қазір ішкі дизайнын таңдап жатырмыз. Құйылған 400 млн теңгенің 100-млн-ы – өз ақшам, ал қалғаны -инвестициялық қаражат.

Директордың сөзінше, парк-отель жергілікті жұртшылыққа қана емес, шетелдік туристердің арасында да аса танымал. Қарағайлы ормандағы базада биыл ресейліктерден бөлек, немістер мен американдықтар да тынықса керек. «Green Park»-тің ғана емес, жалпы Петропавлдың да туристік потенциалы жыл санап артуда. Қонақтарға шаһар бойынша тиісті жағдай жасалуы тиіс.

Құмар АҚСАҚАЛОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Туристердің саны артсын десек, қаламызды таза ұстауымыз керек – бұл бір. Екіншіден, осындай мейрамхана, дәмхана, қонақүйлерді көптеп салуымыз шарт. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайынбыз.

Туристерді қаланың көрікті жерлері де қызықтырады. Осы орайда “Қызылжар оранжереясын” – Петропавл мақтанышы дейміз. Бірақ, бұл атақты ол әзірге ақтай алмай отыр. Журналистермен бір автобусқа отырып, әңгімелескен Құмар Ақсақаловтың өзі ботаникалық баққа алғаш рет келгенде аумақты көріп көңілім қалды деді. Сондықтан, биыл оранжерея маңын қалыпқа келтіру қолға алынған.

Асылбек БАГАНОВ – “SHATYR GROUP KZ” ЖШС жетекшісі:

– Абаттандыруды шамамен 1 ай бұрын бастадық. Бүгінде шаруаның 70 пайызы тәмам. Қарашаның соңына қарай бәрін аяқтаймыз.

Аумақты абаттандыру толығымен елордалық компанияға сеніп тапсырылған. Жөндеу кіре берістен басталған, мұнда кеспетас алмастырылып жатыр. Ерекше архитектуралық формалар, ғашықтар аллеясы, жаңа фонтан мен орындықтар да пайда болған. Аң-құс ұстайтын орындар да жаңартылыпты, ал көктемде көшеттер отырғызылмақ. Тіпті, жасанды сарқырама мен шолу алаңы жасалуда.

Құмар АҚСАҚАЛОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осыдан екі жыл бұрын оранжерея жабылады деген пікірлер болған еді. Сол кезде мен керісінше оны сақтап, дамыту керектігін айтқанмын. Биыл тиісті қаражат бөлініп, қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Ал “Қарасай” стадионына қарсы жатқан бос аумақта қазір футбол алаңы салынып бітуге шақ. Петропавлда доп тебуді жаны сүйетін 6 мыңдай бала бар. Олар үшін бұл керемет тарту болмақ. Қарашаның ортасында алаң дайын болады, бірақ қолданысқа ол келесі жылы берілмек.

Сергей МЕЛЕХОВ – “Жеңіс” мамандандырылған ОРБЖСМ директоры:

– Жасанды газонның сапасы “Қарасай”-дағыдан кем емес әрі жақсы күтім көрсететін боламыз. Одан қалды, алаңға келер жылы трибуналар орнатылмақ.

Құмар АҚСАҚАЛОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тиісті инфрақұрылым болмай, спорт дамымайды. Спорт дамымаса, жақсы нәтижелерді күтпеуге де болады. Мен жергілікті спортшыларға қолдау көрсету керектігін талай рет айттым. Ол үшін жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Мұндай алаңдар қалада ғана емес, бірер жылда аудан орталықтарында да пайда болады.

Десе де, “Жастар” стадионындағы жабық аренаның қазіргі күйіне кішкентай футболшылар мен олардың ата-аналары тарапынан шағым көп. Сөздерінше, жасанды газон тақыр болып қалған, ал нысанның іші суық.

Құмар АҚСАҚАЛОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мәселеден хабардармыз. Ата-аналарға алаңдаудың қажеті жоқ. Балаларға дұрыстап жағдай жасап береміз. Газонды алмастырып, жылыту жүйесін қалыпқа келтіреміз.

Жөндеу көріп жатқан тағы бір спорттық нысан бұл – “Дельфин”. Оның қасбеті әбден тозған еді, ал бүгінде жаңартылуда. Өзгерістер нысанның сыртында ғана емес, ішінде де жететін. Ең маңыздысы – бассейннің суын тазартатын фильтрлер мен плиткасы алмастырылған. Кешеннің жаттығу залы да күрделі жөндеу көрген. Жуық арада жаңа тренажерлар әкелінеді. Осының бәріне 23 млн теңге жұмсалыпты. Құмар Ақсақаловтың атқарылған шаруаға көңілі толды.
Ал қатты және сұйық сабын өндіретін жаңа фабриканы аралауды облыс әкімі соңына қалдырды. Бұл – Қазақстанда аналогы жоқ бірегей кәсіпорын.

Құмар АҚСАҚАЛОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– ТМД аумағындағы фабрикалардың көбі сабынды дайын гранулалардан жасайды. Ал бұл кәсіпорын жануар майын өңдеп, одан дайын өнім шығарады. Қуаттылығы жылына 500 тоннаны құрамақ. Осылайша, фабрика отандық нарықтың 10 пайызын қамтымақшы. Одан қалды, сабын Ресейге экспортталатын болады. Сапасы мен бағасы жағынан импорттық тауарлардан кем түспесі анық.

Фабрика өндірісті бастауға дайын, қондырғылардың бәрі орнатылған. Тек соңғы тексеріс жүргізіліп жатыр. Сабынның алғашқы сынамалық партиясы да жасалған. Белгілісі, кәсіпорын жуық арада іске қосылмақ. Негізі, сабын фабрика пайда болғанға дейін өндірістік аймақтағы бұл аумақ пен ғимарат жылдар бойы бос тұрып, қоқыс алаңқайына айналған болатын. Мұндай жер телімдері шаһарда жететін. Автобус ішінде аймақ басшысы ақырын жүріп, анық басып оларды кәдеге жарататын боламыз деді.

Саят Ермек