Мәдениет

“Жыл мезгілдері” атты көрме қанат жайды

“Жыл мезгілдері”. Осындай атаумен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында суретші Вячеслав Смирновтың жеке көрмесі ұйымдастырылды. Шарада қылқалам шебері өлкеміздің сұлу табиғаты бейнеленген 50-ге жуық туындысын ұсынды.

Ілулі тұрған туындылар – автордың 15 жылдық еңбегі. Вячеслав Смирнов туған өлкеміздің көрікті жерлері мен тамаша табиғатын суреттеуді жаны сүйеді. Мәселен, мына шығармасын «Жаңбырдың алдында» деп атаған. Ал мұнда қылқалам шебері жазда жасыл түске енген Есіл өзенінің жағасын бейнелепті.

Вячеслав Смирнов – суретші:

–  Биылғы көрмеге көптеген жаңа картиналарымды қостым. Әр жұмысымда табиғаттың ерекше тұстарын бейнелеуге тырысамын. Осылайша, туған өлкеме деген шексіз махаббатымды сөзбен емес, шығармаларыммен көрсеткім келеді. Өңіріміз өзен-көлдер мен ағаштарға өте бай. Осындай кереметті қағаз бетіне қалай түсірмейсің?!

Вячеслав Смирнов сурет салуды небәрі 5 жасында бастапты. Алайда, ер жеткен кезінде отбасылық жағдайға байланысты бұл бағытта жоғары білім ала алмапты. Десе де, ол тынбай ізденіп, талай тәжірибе жинақтаған. Нәтижесінде жерлесіміз табиғатты қағаз бетіне айнытпай түсірудің шебері атанды. Бір қызығы, ол еңбектерінде тек майлы бояуды қолданады екен.

Мария Клименко – Вячеслав Борисовичтің немересі. Оқушы қыз өскен кезде дәл атасы сияқты суретші болуды армандайды.

Мария Клименко – Вячеслав Смирновтың немересі:

– Демалыс күндері ауылға барған кезде біз атаммен бірге сурет саламыз. Бастапқыда мен қарапайым қаламның көмегімен бейнеледім. Кейін, маған атам майлы бояуларды қолдануды үйретті. Өскен кезде мен де атам секілді суретші болғым келеді.

Жалпы көрмеге, 50-ге тарта картина қойылған. Дарынды жерлесіміздің туындыларын тамашалауға туған-туысы мен достары келген.

– Мен Вячеслав Смирновпен біраз жылдан бері таныспын. Досымның көрмелерінің бірде-біреуін қалдырмаймын. Оның еңбектері маған қатты ұнайды.

– Көрмеге мені небәрі жарты сағат бұрын шақырды. Естіген кезде бірден осында келуге асықтым. Өйткені, Вячеслав Смирновтың картиналарын сүйіп тамашалаймын.

Айта кетейік, қылқалам шеберінің “Жыл мезгілдері” атты жеке көрмесі облыстық орыс драма театрында қарашаның соңына дейін жалғасады.

Маржан Қасымбек