ТЖ

«Қыс-2019» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтуде

“Қыс-2019”. Облыс орталығында командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтіп жатыр. Шараға 200-ге жуық маман мен 50-ден астам техника жұмылдырылған.

Көше бойында азаматтық қорғаныс және апаттық-құтқару жасағының мамандары мен техникалары тізіліп тұр. Командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында техникалардың материалдық жабдықталуы мен жетел әрекет ету жасағының дайындығы тексерілді. Бұлардың барлығы алдағы қауырт маусымға сақадай сай.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

–  Петропавл қаласы және тағы да басқа аудандардың барлықтарында қыс мезгілінде әрекет ететін дайындықтары тексеріліп жатыр. Аталған оқу-жаттығу аясында біз қыс мерзімінде болуы мүмкін төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету бойынша барлық құралдардың бірлескен түрде іс-әрекеттерін пысықтайтын боламыз.

Оқу-жаттығу тәртібі бойынша мамандар қала шетіндегі көшелердің біріне барды. Мұнда су құбырлары және кәріз жүйесі бойынша апаттық-құтқару қызметінің мамандары қатты аяз кезінде жарылған жерасты құбырын жамап жатыр. Шыққан судың көзін бітеу үшін шамамен 4 сағат уақыт кетеді екен.

Игорь Шорохов – «Қызылжар су» ЖШС су құбырлары және кәріз жүйесі бойынша апаттық-құтқару қызметінің бригадирі:

–  Жаңа біз жер астында жарылған құбырды жамап біттік. Жөндеу барысында саңылауды резеңкемен орап, үстін темір қамытпен байлап тастадық. Мұндай жұмыс кезінде қыстыгүні көп әбігерге түсеміз. Өйткені, аяздан тастай болып қатып қалған жерді қазу қиын.

Жалпы, командалық-штабтық оқу-жаттығу 2 күн бойы өтеді. Оған төтенше жағдайлар департаментінің 55 техникасы мен 200-ге жуық маманы жұмылдырылған.

Бердімұрат Баймұқан