Ауыл шаруашылығы

Диқандар 4,8 млн тоннадай дәнді және дәнді бұршақ дақылдарын жинады

Жақында аққайыңдар өлкесінде дәнді және дәнді бұршақ дақылдарын жинау жұмыстары аяқталды. Биыл солтүстікқазақстандық іскер жандар 4,8 млн тоннадай өнім бастырыпты. Шығымдылық деңгейі 16,8 центнерді құрайды. Өңір алқаптарында қызу шаруа әлі де жалғасып жатыр. Бүгінде шарулара майлы дақылдарды оруда.

Орақ науқаны. Биыл қауырт кезең солтүстікқазақстандық диқандар үшін сәтті басталды. Жерлестеріміз күннің ашығында ала жаздай өсірілген астықтың бір бөлігін бастырды. Алайда, көп кешікпей толассыз жаңбыр жауды. Салдарынан апталап жұмыс тоқтап, шаруаларымыз біраз бейнет көрді. Бірақ, еңбексүйгіш іскер жандар қиындыққа қарсы тұрды. Олар жақында дәнді және дәнді бұршақ дақылдарын түгелімен қамбаға құйды. Өнімнің көлеміне көңіл толады.

Наргиз Ақжігітова – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

– Дәнді және дәнді бұршақ дақылдарын жинау жұмыстары толығымен аяқталды. 2 млн 861 мың гектардан өнім алынды. Өнімділік 16,8 центнерді құрады. Жалпы өнім 4,8 млн тоннаға жуық.

Дәнді дақылдардың түсімі қай жерде жоғары? Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше бірінші орында Қызылжар ауданы тұр. Мұндағы шаруалар биыл 1 гектар жерден 22 центнер өнім алыпты. Кейінгі сатыларға мамлюттік және ақжарлық диқандар жайғасқан екен. Қамбаға құйылған бидайдың дені, яғни 33 проценті 3-классқа жатады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1 процентке көп. Енді, майлы дақылдарға келейік.

Наргиз Ақжігітова – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

– 920 мың гектардағы майлы дақылдар жиналды. Өнімділік 9 центнерге жуықтайды. Жалпы, 768 мың тонна астық жиналды. 01:32 Майлы дақылдарды жинау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Иә, қазіргі күні өңірде майлы дақылдарды жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Солтүстікқазақстандық шаруалар 49 мың гектардағы өнімді бастыруы қажет. Оның 31 мыңы күнбағысқа тиесілі. Ал қалғанында рапс пен зығыр өсіріліпті. Биыл өнімнің қанша көлемі экспортталатындығы әзірге белгісіз. Тек тауардың Орталық Азия және Еуразиялық Одақ елдеріне саудаланатындығы мәлім.

Байболат Бектемірұлы