Спорт

Киокушинкай каратеден қала әкімінің кубогі өтті

Облыс орталығында киокушинкай каратеден қала әкімінің кубогі өтті. Дүбірлі додаға 400-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде 1-ші орынды солтүстікқазақстандық 29 каратеші иеленді, ал көкшетаулықтар 5 алтынды місе тұтты.

Қаз-қатар тізілген спортшылар күш сынасар сәттерін тағатсыздана күтуде. Жиналғандардың дені – ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүрген ұл-қыздар. Олар талай республикалық және халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатысып, жүлдегер атанған.

Владимир Витченко – “Бүкілқазақстандық Киокушинкай карате ұйымы” РҚБ СҚО филиалының директоры:

– Бүгінгі тартысқа 400-ге жуық спортшы қатысады. Олардың жастары әр түрлі: ең кішісі 10-да, ал үлкені 25 жаста. Қала әкімінің кубогі үшін дәстүрлі түрде өтетін сайысқа Көкшетау қаласынан қонақтар келді. Өзге каратешілер – жергілікті 6 ауданның өкілдері.

Дәл қазір татами төріне М.Жұмабаев ауданының намысын қорғап Таир Құсанов шықты. Жеткіншек қарсыласына жойқын соққыларын бағыттағанымен алғашқы кездесуде сәті түспеді. Бірақ, жеткіншек келесі кездесуде жеңіске жетеріне сенімді.
Жалпы, Таир жаттықтырушысына қарап бой түзейді екен. Жас спортшы болашақта өзі сияқты балғындарды шынықтырғысы келеді.

Таир Құсанов – жарысқа қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:

– Мен болашақта қара белбеу иесі атанып, өзім сияқты балаларды киокушинкай каратеге үйреткім келеді. Жаңа ғана қарсыласыма есе жіберіп алдым, бірақ бұл – тек алғашқы кездесу. Келесіде бар күш-жігерімді саламын.

Ал Көкшетау қаласынан келген бұрымды каратешінің асығы бүгін алшысынан түсті. Небәрі 10 жастағы Ажар Ризабекованың қарсыласы – солтүстікқазақстандық спортшы. Көкшетаулық қыз алғашқы кездесуде-ақ бәсекелесіне қолымен де, аяғымен де соққылар бағыттап, жерлесімізді есеңгіретіп тастады.

Ажар Ризабекова: жарысқа қатысушы, Көкшетау қаласы:

– Менің каратемен айналысып жүргеніме 3 жыл болды. Мен Петропавлда “Сұңқар” республикалық сайысы болғанда келген едім. 2 кездесуде жеңіп, шешуші сайыста ұтылып қалдым.

Жеңімпаздар түрлі марапаттарға ие болды. Айта кеткен жөн, үздік атанған арулар Алматы қаласында желтоқсанда өтетін чемпионатқа жолдама алды.

Ақтолқын Солтанханқызы