Аптадағы маңызды жаңалықтар

Көлік салығына қатысты сұрақтар талқыланды

200 мың теңге салық төлеңіз! Көлігін 20 жыл бұрын сатып жіберген петропавлдық келіншекке жуырда осындай хат келген. Хабарды ала сала азаматша мән-жайды анықтауға кіріседі. Сөйтсе, темір тұлпар бертінге дейін оның атында болып, есептен шығарылмай қалған екен. Бір қызығы, қазіргі күні мұндай жағдайлар жиі орын алатын көрінеді.

Ботагөз Баймағамбетова салық төлеуге жауакершілікпен қарайды. Бірақ, жуырда мемлекетке 200 мың теңге көлемінде берешегіңіз бар деген құжат келіпті. Бұл – көлік құралдарына қатысты 5 жыл бойы жиналған салық екен. Сөйтіп, барлық шоттарына тыйым салыныпты. Нәзікжанды аң-таң. Мәселе мынада – Ботагөз Баймағамбетованың / машиналарын сатып жібергеніне бірнеше жылдың жүзі болған.

Ботагөз Баймағамбетова – қала тұрғыны:

– Мен көліктерімді 2000-шы жылдары сатып жібергенмін. Соған қарамастан Мемлекеттік кірістер департаментінен маған берешек көрсетілген хат келді. ХҚКО-на бардым, онда қолыма көліктердің есептен шығарылмағаны туралы қағаз ұстатты.

Осыдан кейін нәзікжанды бұрынғы темір тұлпарларын халықаралық іздестіруге берген екен. Нәтижесінде көліктер басқа өңірлерден табылыпты. Барлығы да сол жақтағы тізімде тұр екен. Көліктердің қазіргі қожайындары салықты уақытылы төлеп отырған. Осылайша 3 темір тұлпар жергілікті жердегі тіркеуден алынып тасталды.
Олқылыққа жол бермеу үшін тиісті талаптарды қаперде ұстау қажет.

Алтынбек Жамалиев – СҚО ПД мемлекеттік аға автоинспекторы:

– Мұндай проблемалар жиі кездеседі. Мәселен, автокөлік, әзірге сіздің атыңызда болса және машинаңыз Жол полициясы басқармасының органдарында тіркеуде тұрса салық төленуі керек. Салық міндеттемесін орындауды тоқтату үшін есептен шығару қажет.

Жалпы, көлік сатып алушы мемлекеттік автоинспекцияға келіп оны өз атына тіркеуі тиіс. Ал сатқан адам 10 күннен кейін темір тұлпар енді оның атында бар ма, жоқ па соны тексеріп алғаны жөн.

Талғат Салкеев – Петропавл қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы:

– Меншік құқығы екіжақты мәміле жасалып және уәкілетті органда тіркелген жағдайда ғана тоқтатылады. Егер автокөлік басқа тәсілмен сатылса, онда меншік құқығы тоқтатылмайды. Тиісінше, салықтар уәкілетті органда ресми түрде тіркелген меншік иесіне есептеледі. Сол себепті, құжаттарды тексеріп, барлық талапты ескерген жөн.

Жиын соңында мамандар POS-терминал мәселесін де сөз етті. Заман талаптарына сай қазіргі таңда солтүстікқазақстандықтар күнделікті өмірде қолма-қол ақшаны қолданудан бас тартып, банк картасы мен интернет-банкинг жүйесінің қызметіне кеңінен жүгінуде. Бірақ, көптеген дүкендердің қожайындары тиісті аппаратты орнатуға асығар емес. Бұл ретте олар интернет жоқ немесе дұрыс ауламайды деп сылтаурататын көрінеді. Бұл мәселе де біржақты етілген. Қазір жаңадан шығарылған POS-терминалдар 72 сағат бойы интернетсіз жұмыс істей алады. Осы орайда атап өту қажет, интернеттің жоқтығы туралы “Қазақтелекомнан” тиісті анықтамасы бар адамдарға ғана POS-терминалды орнатпауға болады екен.

Дана Ешкенова