Білім

Химия-биология пәні мұғалімдерінің І халықаралық форумы өтті

Оқушылардың жаратылыстану пәндеріне деген қызығушылығын қалай арттыруға болады? Петропавлда химия-биология пәні мұғалімдерінің І халықаралық форумы өтті. Алқалы жиында ұстаздар қауымы сабақты қызықты әрі тиімді өткізу бойынша әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты.

Мұхтар Серікбай жергілікті университетті биыл ғана тәмамдаған. Қазір “Білім-Инновация” лицей-интернатында химия пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Жас педагог бүгінгі форумда өзінің бірегей әдістемесімен бөліспек. Айтуынша химияның қиын заңдарын оқушыларға жеңіл түрде түсіндіруге болады.

Мұхтар Серікбай – “Білім-Инновация” лицей-интернатының химия пәні мұғалімі:

– Бүгінгі форумда жаңа сабақ берудің әдістемесін айтпақпын. Жалпы, осындай жиында білікті мамандардан көп нәрсе үйренеміз деп ойлаймын.

Баланың химия, биология пәніне деген қызығушылықтарын қалай арттыруға болады? Ол үшін зертханалық жұмыстарды жиірек өткізу керек дейді форумға қатысушылар. Себебі, ұл-қыздарға теорияға қарағанда практика пайдалырақ. Ауқымды шарада мұғалімдер осындай сан алуан ұсыныстарын ортаға тастады.
Жалпы, бұл химия-биология ұстаздарының алғашқы халықаралық форумы. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген және ресейлік мамандар қатысып жатыр.

Валерий Конышев – Омбы облыстық білім беруді дамыту институтының кафедра меңгерушісі, РФ:

– Бүгінгі форумға тәжірибе алмасуға келдім. Қазақстандық білім саласындағы инновациялармен таныспақшымын. Ауқымды шарадан білген-түйгенімді өз жұмысымда қолданатын боламын. Жалпы, бұндай жиындар екі елдің арасында жиі өтіп тұрса нұр үстіне нұр.

Халықаралық форум 6 секцияны қамтиды. Шеберлік сағаттары, дәрістер – солтүстікқазақстандық педагогтар әріптестерімен күні бойы тәжірибе алмасады.
Алқалы жиынға 300-ге жуық маман қатысып жатыр.

Бердимурат Баймухан