Қоғам

Балаларға көңілді кеш ұйымдастырылды

Ата-аналардың назарынан тыс қалған балаларға арналып қызықты кеш ұйымдастырылды. Кеше бір топ ұл-қыз қаладағы “Сити Молл” сауда-ойын-сауық орталығында боулинг ойнады. Мұнда балғындар мергендіктерін сынап, уақыттарын көңілді өткізді.

Ата-аналардың назарынан тыс қалған балалар үшін бүгін көңілді демалыс ұйымдастырылды. Балалардың қуанышында шек жоқ. Оқушылар өз қатарластарымен бірге боулинг ойнауда. Кішкентай болса да алыста тізіліп тұрған қадаларды өте епті соғып жатыр. Мұндай іс-шара жылына 3-4 рет өткізіліп тұрады екен.

Максим Доровик, облыс прокурорының көмекшісі:

– Бүгінгі акция қайырымдылық шарасы ретінде жасалып отыр. Мұндағы мақсат – қоғамды осы мәселеге бейжай қарамауға шақыру. Өйткені, қазіргі күні алимент төлеу мәселесі – бірінші кезекте қаралатын сұрақтардың қатарында.

Боулинг – өте қызықты ойын. Балалар шарды әр домалатқан сайын көңілдері көтеріліп, мәз-мейрам болуда. Олар мұнда ойнап қана қоймай, өз қатарластарымен танысып, уақыттарын қызықты өткізіп жатыр.

Шараға шақырылғандардың қатарында ата-аналар да бар. Дмитрий Орлов бұл шараға өз інілерін ертіп келіпті.

Дмитрий Орлов, қала тұрғыны:

– Інілерімді қатты жақсы көремін. Бос уақытымның барлығын солармен өткізуге тырысамын. Бүгін, міне боулинг ойнауға келдік. Ал, осыдан бірнеше күн бұрын спектакльге бардық.

Жалпы, шараға 16 бала қатысты. Көңілді кешті әділет департаменті, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы мен шаһардың іскер жандары ұйымдастырды.

Бердимурат Баймухан