Қоғам

Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналып экскурсия ұйымдастырылды

Облыстық мәслихаттың депутаттары Саумалкөл балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап экскурсия ұйымдастырды. Олар ұл-қыздарды Петропавл құрылыс экономикалық колледжіне және “Основание” серіктестігіне апарды. Мұнда жастар білікті жандармен тілдесті, құрылысшы мамандығының қыр-сырымен танысты.

Мына залда жоғары сынып оқушылары отыр. Олар алдағы 1-2 жылда үлкен өмір баспалдағын аттайды. Жастар мектеп бітірген соң мамандық тауда қателеспеу қажет. Мұны ұл-қыздарға облыстық мәслихат депутаттары айтып, тәжірибелерімен бөлісіп жатыр.

Райхан Әбдірахманова – облыстық мәслихат комиссиясының төрайымы:

– Балалар болашақта мамандық таңдағанда қателеспеулері үшін бүгін экскурсия ұйымдастырып жатырмыз. Шара барысында білген-түйгенімізбен бөлісеміз.

Экскурсияда балалар мамандық түрлерімен жақынырақ танысты. Алдымен олар қаламыздағы құрылыс экономикалық колледжінің тас қалау жұмыстары шеберханасында болды. Мұнда мамандар өңірімізге аса қажет құрылысшыларды даярлайды. Ал бұл – ағаш өңдеу цехы. Осы жерде қыз-жігіттер жиһаз әзірлеуді үйренеді әрі қолөнершіліктің қыр-сырын меңгереді. Кең бөлменің іші заманауи қондырғылармен жабдықталған. Мысалы, мына компьютерде кез-келген бұйымының өрнегін дайындап, баспаға жіберуге болады. Аппарат оны ағаш бетіне айнытпай ойып түсіреді. Колледжде жасалған жағдай Саумалкөл балалар үйінің тәрбиеленушісі Роман Шайхиннің көңілінен шықты.

Роман Шайкин – Саумалкөл балалар үйінің тәрбиеленушісі, Айыртау ауданы:

– Бүгін үлкен экскурсия жасадық. Ұйымдастырушылар бізді бірнеше мамандық түрімен тарыстырды. Әрі заманауи қондырғыларды да көрсетті. Маған бәрі ұнады. Алдағы уақытта осы колледжге оқуға түсемін деген ойдамын.

Экскурсия барысында ұл-қыздар бағалы сыйлыққа да ие болды. Оларға облыстық мәслихат депутаты Владимир Притчин өз атынан су жаңа спорт жабдығын табыс етті.

Кейін, оқушылар облыс орталығындағы кәсіпорындардың біріне барды. Бұл – «Основание» серіктестігі. Мұндағы мамандар көпқабатты үй тұрғызумен айнылысады. Одан бөлек, құрылысқа қажетті материалдарды әзірлейді. Компания ұзақ жылдардан бері Петропавл құрылыс-экономикалық колледжімен тығыз қарым-қатынаста. Білім ұясын тәмамдаған түлектерді кәсіпорын жұмыспен қамтиды.

Артем Назаров 9-шы сыныпта оқиды. Бозбала болашаққа үлкен жоспар құрып қойған. Ол құрылысшы мамандығын меңгеріп, қаламызда зәулім ғимараттар тұрғызғысы келеді.

Артем Назаров – Саумалкөл балалар үйінің тәрбиеленушісі, Айыртау ауданы:

– Бізді мұнда құрылысқа қажетті дүниелермен таныстырды. Және жасалу тәсілдерін көрсетті. Іс – өте қызық. Маған барлығы ұнады. Болашақта құрылысшы мамандығының қыр-сырын игеріп, осындай кәсіпорындардың бірінде еңбек етсем деймін.

Жалпы, шараға 20-ға жуық жас қатысты. Олардың барлығы – Айыртау ауданындағы Саумалкөл балалар үйінің тәрбиеленушілері.

Бердимурат Баймухан