Мәдениет

Петропавлда облыстық “Абай оқулары” өтті

Петропавлда облыстық “Абай оқулары” ұйымдастырылды. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған байқауға өңіріміздің түпкір-түпкірінен жиылған жүзден аса жас қатысты. Олар дара тұлғаның өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқып, әділқазылардың бағасына ие болды.

Ермаман Жарқынбек өзінің кезегін күтіп отыр. Ол – Талдықорғанның тумасы. Қазіргі күні қаламыздағы әскери институттың 1 курсында оқиды. Болашақ офицер әдебиетке жақын. Өлең шығаратын өнері бар. Оған қоса Абай Құнанбаевтың 70-ке жуық шығармасын жатқа біледі. Бүгінгі байқауда Ермаман ұлы ақынның «Жігіттер ойын арзан, күлкі-қымбат» атты туындысын оқып бермекші. Дәл осы өлең өзіне ерекше ұнайды екен.

Ермаман Жарқынбек – байқауға қатысушы, Петропавл қаласы:

– Арзан дүниенің артынан емес, білімнің артынан қуа білсін дегені. Қазір кітапқа жақын болу қажет.

Негізі облыстық байқауда әр қатысушыға 5 минут беріледі. Осы уақыт ішінде ұл-қыздар Абайдың 1 өлеңі мен қара сөзін жатқа оқуы қажет. Жай ғана оқып емес, мәнерлеп, тыңдарманның жүрегіне жеткізулері керек. Сайыстың ақтық сынына шыққан 21 қатысушының барлығы бұл міндетті ойдағыдай орындады.

Сайыс кезінде әділқазылар жастардың туындыларды оқуларына ғана емес, киген киімдерін, сахнада өзін-өзі ұстауларын да ескеріп, баға береді

Жарқын Жұпархан – айтыскер ақын:

– Қатысушылар киімдерін киіп, дайындалып, образға кірулері қажет. Кәсіби маман болмаса да жоғары деңгейде дайындалған балалар баршылық. Жалпы, мұндай шараның берері мол. Жастарға рухани азық, рухани байлық сыйлайды.

“Абай оқулары” облыстық байқауы соңында жүзден жүйрік атанған үздіктер анықталды. Олар дипломдармен марапатталды.

 

Актолкын Солтанханкызы