Мәдениет

Петропавлда америкалық әнші Рональд Бейкер концерт берді

Петропавлда америкалық әнші Рональд Бейкер концерт берді. Ол шығармашылық кеште джаз жанрындағы авторлық әндерді орындады. Шетелдік өнерпаздың туындыларын көппен арна тілшісі Маржан Қасымбек те тыңдап қайтты.

Әлемде, оның ішінде Қазақстанда джаз жанры аса танымал емес. Осыны жақсы білетін өнер иесі Рональд Бейкер ел аралап, музыканың бұл түрін дамытып жүр. Ол бүгін қаламызға арнайы келіпті. Мақсаты – теріскейліктерге авторлық туындыларын орындау.

Сахна төрінде әнші Рональд Бейкермен бірге ресейлік Алексей Черемизов те бар. Көрші елдің өнерпаз азаматы пианинода асқан шеберлікпен ойнап, кештің сәнін келтірді.

Жалпы, Рональд Бейкер АҚШ-та дүниеге келген. Ол 1992-ші жылы Францияға көшіпті. Сонда шығармашылық жолын бастапты. Қазіргі күні азаматтың репертуарында мыңға жуық авторлық туынды бар. Оның барлығы джаз жанрындағы шығармалар. Өнерге жаны жақын жан ән айтудан бөлек, саксофонда да еркін ойнайды екен.

Рональд Бейкер – әнші, АҚШ:

– Мен өзім Қазақстан халқын жақсы көремін. Петропавлға осымен екінші рет келіп отырмын. Мұндағы жұртшылық қашан да құшақ жая қарсы алады. Тұрғындар – өте қонақжай. Концерт те жоғары деңгейде өтіп жатыр. Өзіме кеш ұнады.

Еуропалық және африкалық музыканың тоғысуынан пайда болған джаз жанрындағы туындыларды теріскейліктер еліте тыңдады. Олар кеш барысында шығармашыл жандардың өнерін жоғары бағалап, үнемі қошеметтеп отырды.

– Концерт өзінің ерекшелігімен тыңдармандарды баурап алуда. Джаз музыкасының өзіндік атмосферасы бар.


– Бүгінгі концерттен жақсы әсер алдым. Көптен бері Қызылжар төрінде осындай джаз музыкасы естілмеп еді.

Айта кеткен жөн, өнер иесі Петропавлдағы концерттен кейін Санкт-Петерборға аттанды. Ол сол жақта джаз жанрын жаны сүйетін жандарға арнап концерт бермек.

 

Маржан Касымбек