Білім

Оқытушылар мен студенттердің бәсекесі

Студенттер мен оқытушылар бәсекеге түсті. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде спорт-батл шарасы өтті. Қызықты әрі тартысты сайыста 30-ға жуық адам өңірімізді мекен еткен түрлі халықтардың ұлттық ойындарын ойнап, өзара мықтыны анықтады.

Университет қабырғасында спорт-батл шарасы жиі ұйымдастырылып тұрады. Мұнда білім ордасында талай жыл қызмет ететін мамандар мен студенттер өзара сынға түседі.

Людмила Гривенная, “М.Қозыбаев атындағы СҚУ” КЕ АҚ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі:

– Бүгінгі спорт-батлды жастар жылы аясында ұйымдастырып отырмыз. Сайыста бақ сынайтын жандар өңірімізді мекен еткен халықтардың ұлттық ойындарын ойнайды. Ережемен біразы таныс. Білмегендеріне осы жерде түсіндіреміз. Қатысушыларымыз түрлі ұлт өкілдерінен тұрады. Араларында университетте оқып жатқан Үндістан елінің азаматтары да бар.

Алғашқы сайыс «Тұтқынға алу» деп аталады. Бұл – көпшілікке аса таныс емес қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Мұндағы шарт мынадай: алдымен қос команданың ойыншылары бір-біріне қарама-қарсы тізіліп тұрады. Кейін, қарсыластарының білектерінен ұстап, өзіне қарай тартады. Осылайша сызықтан шығару қажет. Қай құрама көп адамды өз жағына өткізсе, сол ұжым жеңіске жетеді. Тапсырманы Мұрат Тоқтар ойдағыдай орындады. Ол бала кезінде көкпар тартып, машықтанған екен.

Мұрат Тоқтар – “М.Қозыбаев атындағы СҚУ” КЕ АҚ кафедра меңгерушісі:

– Бұл үлкен деңгейде өтіп жатқан спорттық іс-шара. Бұл студенттер мен оқытушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттайды.

Ал келесі сайыс «Қамал» деп аталады. Бұл – армян халқының ұлттық ойыны. Мұнда қос команда өкілдері алдарында жатқан қағаз қораптардан нысан тұрғызулары керек. Кімнің ғимараты биік әрі берік болса, сол құрама жеңіске жетеді.

Бұл сайыста жастардың қамалы құлап қалды. Осылайша жеңіс университеттің оқытушыларына бұйырды.

Жақсылық Уәйқызы – “М.Қозыбаев атындағы СҚУ” КЕ АҚ «Foundatioin» тыңдаушы бөлімінің студенті:

– Мұғалімдермен бірінші рет сайысып тұрмын. Екінші ойын кезінде сәл қобалжығандықтан қораптарды құлатып алдық.

Жалпы, қызықты әрі тартысты додаға 30-ға жуық адам ат салысты. Сайыста жеңімпаз анықталмады. Қос команданың әрқайысы 60 ұпайдан еншілеп, тең түсті. Шара соңында қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Бердимурат Баймухан