Қоғам

Әскери-техникалық мектептің түлектері ант қабылдады

Антына берік, сертіне адал. Бүгін Жеңіс саябағында 35 сарбаз ант қабылдады. Олар 40 күн бойы Петропавлдағы әскери-техникалық мектепте тиісті даярлықтан өткен жандар. Тепсе темір үзетін жігіттердің 22-сі қостанайлықтар болса, қалғаны солтүстікқазақстандықтар.

40 күнде темірдей тәртіппен танысып, қолына қару ұстап тұрғандардың бірі – Дархан Даньяров. Жас жігіттің мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Азамат бір кездері әскерге баруды армандапты. Бірақ, белгілі бір себептермен сарбаздар сапына қосылмаған екен. Алайда достарынан әскери-техникалық мектеп жайлы естиді. Кейін, бірден мекемеге жігініп, Отан алдындағы борышын өтеуге кіріседі.

Дархан Даньяров – ҚР ҚМ әскери-техникалық мектебі Петропавл қаласындағы филиалының қатардағы жауынгері:

– Бүгін біз әскери-техникалық мектепті “Мерген” мамандығы бойынша аяқтап, ант қабылдап отырмыз. Отанды қорғау және Отан алдында ант беру әрбір азаматтың міндеті. Барлық түлектердің атынан ұстаздар мен басшылық ұжымға рахмет айтамын.

Ал Артур Венц болса болашағын әскери өмірмен байланыстырғысы келеді. Сол себепті, ЖОО-ды тәмамдай сала, оқу-жаттығу мектебіне келіпті.

Артур Венц – ҚР ҚМ әскери-техникалық мектебі Петропавл қаласындағы филиалының қатардағы жауынгері:

– Әскери азамат болуды мен кішкентай кезімнен армандадым. Сол арманыма жету үшін әскери-техникалық мектепке келдім. Менің ойымша әр жігіт Отан алдындағы борышын өтеу қажет. Бұл – біздің парызымыз. Мұнда оқыған өзіме ұнады. Теориялық және тәжірбиелік тұрғыда білген-түйгенімді дамыттым. Мұның бәрін болашақта жұмысымда қолданамын деп ойлаймын.

Жалпы, қаз-қатар сап түзеген 35 азаматтың 22-сі Қостанай облысынан. Ал қалғаны – теріскейлік жігіттер. Түлектер Петропавлда 40 күн білім алыпты. Осы үшін 264 мың теңге төлеген. Айта кетейік, әскери-техникалық мектеп – 24-пен 32 жас аралығынадағы жандарға қысқа мерзім ішінде әскери өмірдің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік береді.

Қалиолла Саутбеков – ҚР ҚМ әскери-техникалық мектебі Петропавл қаласындағы филиалының директоры:

– Әскери дайындықтың алғашқы жұмасында әскери тәртіппен, Қазақстандағы қарулы күштер туралы мәлімет алады. Кейін, оқ ату, тактикалық дайындық пен қаруды қалай қолдануы керектігін меңгереді.

Бұл – үстіміздегі жылы әскери-техникалық мектепті тәмамдап отырған түлектердің 6-шы легі. Темірдей тәртіпке баулитын мамандар келесі топты қарашада қабылдайтын болады. Олар 11-ші желтоқсанда ант қабылдамақ.

Актолкын Солтанханкызы