Қоғам

Петропавлда шағын саябақ пайда болды

Петропавлда шағын саябақ пайда болды. Ол Театральная көшесіндегі 46-шы және 48-ші үйдің ауласында орналасқан. Мұнда футбол алаңқайы, орындықтар бар. Көшет те егілген. Келесі жылы аумаққа көгал төселіп, гүлдер егілмек.

Бұрын бұл жерде қоқыс шашылып жататын, қаңғыбастар көп жүретін. Ал қазір мүлде басқа жағдай. Мұнда футбол алаңы пайда болған, жаңа орындықтар қойылған. Әрі шырша көшеттері егілген. Бір сөзбен айтсақ аумақ үлкен де, кіше де демалатын шағын саябаққа айналған.

Оның үстіне ойын алаңы да бар. Мұндай тамаша аумақты Театральная көшесіндегі 46-шы және 48-ші үйдің тұрғындары көптен армандаған еді. Міне, қалағандары орындалды. Негізі бұл жер бұрындары жергілікті кәсіпкерге тиесілі болыпты. Ол төңірекке күтім жасамаған. Ал қалалық әкімдік теріскейліктердің өтінішін жерде қалдырмай, алаңды абаттандырып беріпті.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің баспасөз хатшысы:

– Биыл қала әкіміне Театральная көшесіндегі 46-шы және 48-ші үйдің тұрғындары жүгінді. Олар ауланы қайта қалыпқа келтіруді сұрады. Жерлестеріміздің өтініші ескеріліп, тиісті жұмыстар жүргізілді. Шаруаның аяқталғанына 2 жұмадай уақыт болды. Іс келесі жылы да жалғасын табады. Алдағы маусымда аумаққа көгал төселіп, гүлдер егілмек.

Тұрғындар шағын саябақтың пайда болғанына өте қуанышты. Олар бұл жерде таза ауа жұтамыз, тынығамыз, әрі балаларды ойнатамыз дейді.

– Мұндай жерде көңіл-күйің көтеріледі. Өзіңді жайлы сезінесің. Ауланың абаттандырылғанына өте қуаныштымын.

– Бастаманы қолдаймын. Бұрын бұл жер саз болып жататын. Қазір тап-таза. Балалар да емін-еркін ойнай алады.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары қаламызда абаттандыру жұмыстарына көп көңіл бөлініп жатыр. Нәтижесінде жаңа демалыс орындары пайда болуда. Келесі айда тағы бір саябақтың құрылысы аяқталады. Ол “City Mall” сауда ойын-сауық орталығының маңында болмақ.

Култанов Байболат